Гамма-пышақтың «тілін» меңгерген маман

Жаңалықтар

Нейрохирургия – медицинаның ми, жұлын, омыртқа ауруларын емдейтін бағыты. Дамыған медицина бас жарақатын , ісікті, мидың функционалдық ауруларын, қан тамырларының патологиясын, эпилепсиямен қоса паразитарлы инфекцияларды емдеп жазуға қауқарлы. Саладағы жаңалықтардың бірі ретінде мүмкіндігі мол гамма-пышақ радиохирургия кешенін айтсақ болады. Жаңа технология болған соң, оны екінің бірі пайдалана алмайды. Нейрохирург Зада Айтмұқанбетқызы дәл осы қондырғының тілін білетін дәрігер.

– Гамма-пышақ – ми патологиясын емдеуде таптырмайтын заманауи аппарат, олардың біраз түрлерін емдеуде алтын стандарт болып саналады. Қондырғы бас ми ісіктерін, мидың тамырлы, функционалдық ауруларын, әсіресе мидың терең, функционалды маңызды аймақтарында орналасқан патологиялық ошақтарды емдеуге арналған құрылғы. Көбіне онкологияда қолданылады. «Күлсең, кәріге күл» деген. Бірде, қарт әжені операцияға кіргізетін болып, алдын ала бәрін-бәрін тәптіштеп түсіндірдік. Операциядан шыққан соң әлгі қария: «Балам-ау, операцияны қашан бастайсыңдар?» деп бәрімізді ду күлдірген. Операциядан кейін еш жері ауырмағанға әлі тексеруден өткізіп жатыр деп ойлапты. Гамма-пышақ арқылы тек патологиялық ошақ қана емделеді. Сау ми тіні еш зардап шекпейді. Операция барысында науқастың басын ашпаймыз, дегенмен ем хирургиялық әдіске жатады. Біз тек скальпельдің орнына гамма-пышақ сәулелерін пайдаланамыз. Наркоз қолданылмайды, науқас ұйықтамайды. Әдіс кіші инвазивті болып саналғанымен, жүз пайыз қауіпсіз деп айта алмаймыз – асқынулар болуы мүмкін, сол себепті оны өткізуге көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштерді уақтылы анықтаған өте маңызды. Операцияға нейрохирургтермен бірге неврологтер, медициналық физиктер қатысады, – дейді Зада Айтмұқанбетқызы жұмыс барысын түсіндіріп.

Гамма-пышақпен жұмыс істейтін дәрігер­лер мен медициналық физиктер, медбике аппарат келмей жатып оқудан өткен. Жұмыс барысында да үнемі тәжірибелік оқу, конференцияларға қатысып білімдерін шыңдап отырады. Зада Айтмұқанбетқызы Ресейде оқыса, кейбір әріптестері құрылғыны Италия, Чехияда меңгерген. Операцияларға осы шағын топ қана қатысады. Заданың өзі: «Адам өмірі қауіп-қатерде тұрған соң қателесуге құқығымыз жоқ», дейді. Хирургияға баруға қыздар былай тұрсын, ер-азаматтар жүрексінетіні тегіннен-тегін емес. Батылдықты, шешім қабылдауға келгенде ширақтықты талап етеді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын ұстанбасқа болмайды.

– Әйел затының табиғаты тумысынан бөлек қой. Еркелеу келеміз. Бірақ меди­цинаға, соның ішінде хирургияға ешкім кездейсоқ келмейді. Мектеп бітіргеннен ұзақ жыл оқитынын біледі. Соңында өмірімнің көп бөлігін оқуға, адам өмірін сақтап қалуға арнаймын деген ниетпен келген жанашырлар ғана жұмыс істейді. Кейде бізге ер-азаматтармен деңгейлес жұмыс істеу үшін олардан артық еңбек етуге тура келетіндей көрінеді де тұрады. Қалай дегенде, әйелдердің отбасындағы міндеті, тағысын-тағы, жүктемесі көп. Хирургияда әйелдер саны жылдан жылға көбейіп келеді. Әрине, ерлер, әйелдер деп бөлмей, кім қай салада жұмыс істесе де, алдымен отбасына көңіл бөлуі қажет. Бірақ бұл дегеніңіз, жұмысты екінші орынға қой­дым деп, ысыра салу емес. Екі жақты тең алып жүруге тырысып бағу керек. Жұмыста та­быс­­қа жетуге үйдегілердің қолдауы ауадай қа­жет. Осы ретте жолдасыма алғыс айтқым ке­леді. Кейде жұмыстан кеш ораламыз, беймезгіл уақытта жұмысқа шақырып қалуы мүмкін. Мұндайда жолдасым жолыма көсе-көлденең тұрған емес. Жайдан-жай шақырмайтынын, таразы басында адам өмірі тұрғанын жақсы біледі. Бұл мәселені біз үйленбей тұрып талқылап алғанбыз. Содан бері арада жұмысқа қатысты келіспеушілік туған жоқ, – дейді Зада Айтмұқанбетқызы.

Хирургияда жұмыс істеудің тағы бір қиындығы, түн жарымға дейін жұмыста қалатын кездер болады. Кейіпкеріміз Ұлттық нейрохирургия орталығында резидентурада жүргенде кезекшілікке жиі түскен, оқуды тәмамдаған соң қалалық аурухананың жедел нейрохирургиясында да жұмыс істеген. Зада кезекшілікті дәрігер өмірінің бір бөлігі деп есептейді. Себебі қауырт жұмыс дәрігерлерге тәжірибе жинауға, жан-жақты білімін толықтыруға септігін тигізеді. Мысалы, қала­лық аурухананың жедел қабылдау бөлім­ше­сіне түрлі жағдайдағы науқас келеді. Оның ахуалы хирургияға, урологияға, гинекологияға, нейрохирургияға қатысты болуы мүмкін. Бір адам бірнеше патологиямен түсетін кездер болады. Осындай сәтте бейінді дәрігерлер адам ағзасын біртұтас жүйе ретінде қарастырады. Жедел медицинаға әсіресе жол апатына түскендер жиі келеді. Оқыс оқиғадан кейін науқастың тек омыртқасы, жұлыны, миы ғана емес, іш құрылысы, бауыры, бүйрегі, өкпесі, тағы басқа ағзалары зақымдануы мүмкін. Сол тұрғыда науқаспен нейрохирург қана айналыс­пайд­ы. Онда реаниматолог, хирург, травматолог, уролог, бәрі-бәрі болады. Сондықтан Зада Айтмұқанбетқызы әрбір дәрігер өмірінде бірер жыл болсын жедел медицинада жұмыс істеп көргені дұрыс деп санайды.

Заданың резидентурада, жедел медицинада жиған тәжірибесі қазіргі жұмысына азық болды. Келешекте сол тәжірибе тағы алдынан шығатынына сенімді. Қазіргі гамма-пышақтағы жұмысы да жеңіл деп айтуға мүлде келмейді. Жас та болса салада білгені көп, тәжірибелі маман осымен тоқтап қалмай, шеберлігін шыңдай түскісі бар. Орталықта елдегі науқастарға барлық операция, емшара квота арқылы тегін болса, шетел азаматтарына ақылы. Гамма-пышақ Ұлттық нейрохирургия орталығында, елімізде ғана емес, Орталық Азияда жалғыз аппарат. Ресей, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан ақылы емделуге науқастар келеді. Өйткені аппараттың көмегімен кәнігі хирургиялық әдіске келмейтін күрделі операцияларды жасауға болады. Дертіне шипа іздегендердің жанына дәру болып жүрген Зада секілді білгір мамандарға халықтың ықылас-ниеті түзу.