Астана мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Әлихан Бәйменов Massaget TV YouTube арнасына берген сұхбатында мемлекеттік қызметкерлердің қай тұста біліктілігі жетпейтінін айтты.
Әлихан Бәйменов 2011-2014 жылдар аралығында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы қызметін атқарды. Ол агенттік төрағасы қызметінде жүрген кезінде кейбір шенеуніктер тесттен өтпей қалғанын жасырмады. Мәселенің бір ұшы біліктілікке қатысты.
"Атқарушы билік болсын, жалпы билік тармақтары болсын өзінің жұмысын Конституцияға және заңдарға негіздеп атқарады. Заманауи мемлекеттерде жазылмаған бір қағидат бар: азаматқа тікелей заңда тыйым салынбаған барлық іс-әрекет рұқсат етіледі, ал мемлекетке заңда берілген өкілеттіліктен басқа іс-әрекет рұқсат етілмейді деген. Осы — заманауи мемлекеттік басқарудың қағидасы. Ендеше не керек? Мысалы сіз әкім болдыңыз. Сіз азаматтардың хақы мен құқығын және мемлекеттің міндетін түсініңіз керек, білуіңіз керек. Оның бастауы неде жатыр? Оның бастауы Конституцияда жатыр. Ендеше сіз Конституцияның қағидаларын білуіңіз керек", — деп түсіндірді Бәйменов.
Саяси қайраткердің сөзінше, тесттер Конституция, жергілікті атқарушы органдар, Үкімет, мемлекеттік басқару туралы заңдардан құралған.
"Сол кезде екі-үш аудан әкімінен естідім. "Осы конкурстың арқасында тұңғыш рет Конституцияны толық оқып шықтым" деген еді. Ол рас, олар күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, оған назар аудармаған шығар. Кейбір облыс әкімдері "олар шаруашылықты жақсы біледі" дей бастады. Иә, дұрыс, шаруашылықты білсін. Бірақ ол совхоз директоры емес, ол зауыттың басшысы емес. Оның жұмысы — мемлекеттің функциясын атқару. Яғни ол адамдармен тіл табыса білуі керек, адамдарды өзінің маңына топтастыра білуі, адамдарды бір іске жұмылдыра білуі керек, сонымен қатар, ол мемлекеттің қолында бар пәрменді пайдалануы керек. Оның қолында бар бюджет, оның қолында бар өкілеттіліктер. Осы екеуінен жауапкершілік туындайды. Ендеше оны пайдалану үшін де, кез келген заңсыз дүниеге ұрынып кетпеуі үшін де заңды білу керек қой және азаматтардың құқығын аяққа таптамау үшін осы екі ортаны білуі керек. Ол жерде терең салалық заңдар емес, қарапайым заңдар және негізгі қағидалар, үш-төрт варианттан таңдау болды, былай қарағанда қиын емес. Соны өте алмаған соң қысым болды. Ал іріктеу тек тестілеуден тұрмайды. Себебі адамның тұлғалық қасиеттерін, оның жұмыста өзін қалай көрсететінін білу үшін түрлі-түрлі когнитивті тесттер де бар, сосын әңгімелесу өткізіледі. Сонымен қатар, ұсыным хат сұралады, оны білетін адамдар оған мінездеме береді және ең бастысы — жария", — дейді Әлихан Бәйменов.
Әлихан Бәйменов саяси сахнаға оралуы мүмкін бе? Оның осы және өзге де мәлімдемелерін Massaget.kz ақпараттық порталының YouTube арнасынан көре аласыздар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!