Buyers Union: тағы бір қаржы пирамидасы әшкереленді

Жаңалықтар

26 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі кең ауқымды операция жүргізді. Осылайша тұтынушылық кооператив ретінде жасырылған Buyers Union қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Салымшылар жылжымайтын мүлік, көлік сатып алуға және Trade in және ReFinance бағдарламаларына қатысып инвестиция салуға үгіттелген. Сонымен қатар, кооператив жеке тұлғалардың қаражатын тартудан дивидендтер алу мүмкіндігімен менеджер болып жұмыс істеуге мүмкіндік берген.

"Кооперативке қатысудың міндетті шарттарының бірі өмірді сақтандыру үшін ай сайын 30 мың теңге төлеу және сатып алынатын мүліктің құнынан 10%-дық жарна төлеу болған. Маңыздысы, кооператив салымшыларға ақша алғаны туралы ешқандай құжаттарды ұсынбаған, ал салым сомасы тек пайдаланушылардың жеке кабинетінде көрсетілген", — деп жазылған хабарламада.

Нәтижесінде пирамидаға 250-ден аса салымшы тартылып, 300 млн теңгеден аса қаражат салған.

Пирамида ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды. Соталды тергеу жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!