Қазақстанда радиоактив қалдықтарды игеру жөніндегі жаңа заң жобасы әзірленеді , деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның аясында ядролық қауіпсіздік саласына қатысты бірқатар түзетпе енгізу қарастырылмған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары Алматыдағы Ядролық физика институтына барып, бейбіт атомды пайдалану бойынша отандық жобалармен танысып, заң жобасын әзірлеу тәсілдерін ғалымдармен бірге талқылады.
Ерлан Қошановтың айтуынша, жаңа заңнамалық нормалар елде АЭС салу және атом саласын дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бұл ретте МАГАТЭ-нің халықаралық талаптары ескерілетін болады.
Мәжіліс спикері бүкілхалықтық референдумда Қазақстан халқы атом электр стансасын салу туралы тарихи шешімді басым дауыспен қолдағанын еске салды. Бүгінде бұл бүкіл елді біріктіретін ұлттық идеяға айналды.
АЭС бойынша референдум кезінде халықты ең алдымен стансаның қауіпсіздігі алаңдатты. Сондықтан бұл саланы ең озық халықаралық стандарттарға сәйкес заңнамалық тұрғыдан реттеу қажеттілігі туындады. Депутаттар түзетулер әзірледі. Олар Мәжілісте ашық талқылаудан өтіп, қоғамның және барлық мүдделі тараптардың пікірлері ескеріледі. Жаңа заң жобасы қоғамдағы барлық фобияларды сейілтіп, қазақстандықтардың сұраныстарына жауап беруге тиіс, – деді Мәжіліс спикері.
Институт қызметкерлерімен әңгіме барысында АЭС үшін кадр даярлау, ядролық қалдықтарды қайта өңдеу, ядролық индустрия өнімдеріне жаңа стандарттар енгізу және атом саласының ел экономикасына толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Бұл ретте үздік шетелдік тәжірибелер ескеріледі.
Жуырда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент энергетиканы дамытуды жан-жақты, кешенді түрде және ұзақмерзімді перспектива тұрғысынан қарастыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы үш бірдей атом электр стансасын салу қажеттігін айтты. Олар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін ондаған жылдарға қамтамасыз ететін жаңа ядролық кластердің негізіне айналуға тиіс, – деді Мәжіліс спикері.
Депутаттар болашақ АЭС-тің шағын көшірмесі саналатын ВВР-К зерттеу реакторымен танысты. Ядролық физика институтының бас директоры, физика-математика ғылымының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Саябек Сахиев институтта жоғары білімді мамандарды тәжірибелік тұрғыда даярлауға арналған база бар екенін атап өтті. Институт құрамында 23 ғылыми-зерттеу зертханасы және 3 ғылыми-техникалық орталық заманауи сараптамалық жабдықтармен және сынақ жабдықтарымен жабдықталған. Бүгінде онда 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Сонымен қатар МАГАТЭ мен АҚШ Энергетика министрлігінің қолдауымен үш оқу орталығы жұмыс істейді. Олар: радиациялық қауіпсіздік орталығы, бұзбай бақылау әдістері орталығы, ядролық және физикалық қауіпсіздік орталығы. Бұл орталықтар Қазақстанның атом саласына 4500-ден астам маман даярлады. Зерттеу реакторында нейтрондық физика, қатты дененің радиациялық физикасы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Ядролық физика институты қызметкерлерімен кездесуде Ерлан Қошанов бұл ғылыми мекеменің АЭС құрылысы жобасын жүзеге асырудағы ерекше рөлін атап өтті. Ол институттың МАГАТЭ-нің үздік әлемдік стандарттарына сай елімізде бейбіт атоммен жұмыс істеуге тәжірибесі де, біліктілігі де жеткілікті екендігінің айқын дәлелі екенін атап өтті. Сонымен қатар АЭС құрылысындағы болашақ мамандар даярлайтын ғылыми база және кадрлар ұстаханасы екеніне назар аударды.
Сондай-ақ сапар барысында депутаттар радиофармпрепараттар өндірісі кешенімен танысты. Онда Қазақстандағы жалғыз Cyclone-30 қондырғысы жұмыс істейді. Кешен медициналық және өнеркәсіптік мақсаттағы кең ауқымды радиоизотоптар өндіреді. Олар жүрек және қатерлі ісік ауруларын диагностикалау үшін қолданылады, сондай-ақ Германия, АҚШ, Франция және Ресейге экспортталады.