ЕО Жоғарғы өкілі Тоқаевпен кездесу үшін Қазақстанға ұшып келді

Жаңалықтар

Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық Комиссияның вице-президенті Кая Каллас Қазақстанға келді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР-дағы ЕО өкілдігінің ақпаратына сәйкес, ол 28 наурызда Алматыға келіп, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездеседі.

Сондай-ақ, Кая Каллас Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты форматта кездесу өткізеді.

Осы жиындар қарсаңында Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі "Егемен қазақстан" газетіне сұхбат беріп, Қазақстанға сапар аясында қандай мәселелерді талқылауды жоспарлап отырғанын айтты.

"Саудадан бастап көлік пен өзара байланыс, цифрландыру, су ресурстарын басқару және қауіпсіздікке дейінгі мәселелер қамтылады. Қазіргі геосаяси контексте алдымызда тұрған сын-қатерлерді және көпжақты халықаралық тәртіпке төніп тұрған қауіп­ті, соның ішінде ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке тікелей әрі айқын қауіп төндіретін мәсе­лелерді талқылауды жос­парлап отырмыз",- деді Кая Каллас.

Ол Орта­лық Азия ре­сурстары мен айма­қ­та­ғы тұрақ­тылық тұрғысын­да геогра­фиялық орнымен ғана емес, инвести­ция­лық әлеуетімен де үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

"Сондықтан Еуро­палық Одақ – Орталық Азия елдерінің дамуына қолдау көрсетуде алғашқы орында. Біз Транскаспий көлік дәлізін қолдаудан бастап, аймақтағы цифр­­лық дамуға инвес­тиция салуға дейінгі мәселелерді қамти­тын, екі тараптың да мүд­десінен шыға­тын мол мүм­кіндікті көріп отырмыз. Мәсе­лен, биыл «Global Gateway» стра­­тегиясының арқасында Қазақ­станның 300-ден астам ауы­лы мен мыңнан астам мектеп ин­тернетпен қамтама­сыз етіледі. Бұл – ЕО-ның келер ұрпаққа салған инвестициясы",- деп жалғастырды ол.

Оның айтуынша, аймақтағы даму үдерісі он жыл бұрынғымен салыстырғанда мүлдем басқаша. Өзгерген. Бұл – оң өзгеріс. Қазақстан – осы үдерістің негізгі қозғаушы күші саналады.

"Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша Өңірлік орталығын құру туралы шешімін құптап, қолдаймыз. Бұл Қазақстанның аймақтағы оң имиджі мен рөлін тағы бір мәрте растайды. Бірауыздан дауыс беру БҰҰ мүшелерінің де Қазақстанның игі рөлін мойындайтынын көрсетті",- деді ЕО Жоғарғы өкілі.

Қорытындылай келе, Кая Каллас ЕО-ның 27 мүшесі Еуропалық Комиссияның реадмиссия келісімімен қатар виза беру үдерісін жеңілдетуге қатысты Қазақстанмен келісімге келуді көздеген келіссөздерді бастауы керек деген идеяны қолдағанын жеткізді.

"Жақын арада келіссөз­дерді бас­таймыз деп үміттенеміз",- деді ол.

2025 жылғы 13 наурызда мемлекет басшысы Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссар Йозеф Сикеланы қабылдаған болатын.