Премьер-министр Олжас Бектенов 26 наурызда Үкімет отырысында қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайту бойынша бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін өткен жылы жеңілдетілген қаржыландырудың арнайы тетігі бекітілгенін атап өтті. 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда оларды жүзеге асыру өте төмен деңгейде.
"Бүгінде 67 жоба қаралған. Соның 6-уы ғана 4 млрд теңге сомасында қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаларды дайындау барысында әкімдіктердің тарапынан үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді. Жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс қажет", — деді Олжас Бектенов.
Өткен жылы өңірлерде 5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Оның шамамен 26%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Бұған негізінен қағаз бен пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы қол жеткізіліп отыр.
"Қазақстандық кәсіпорындар жыл сайын шамамен 1 млрд тонна қалдық жинайды. Бұл ретте қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алу үшін тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет. Энергетика кәсіпорындарының күл үйінділері де көбейіп барады. Барлық қалдықтарды тиімді басқару үшін нақты жүйені құрып, оны цифрландыру қажет. Дұрыс тәсілдерді қолдану арқылы қалдықтарды жойып қана қоймай, олар өңделіп, қайтадан кәдеге жаратылуға тиіс. Бізде мұндай жобалар баршылық", – деп түсіндірді Үкімет басшысы.
Ол отандық тау-кен компаниялары қалдықтарды қайта өңдеп, 30-ға жуық өнім түрін шығаратын айтты. Олардың ішінде құрылыс материалдары мен тыңайтқыштар шығаратын және басқа да көптеген жобалар бар.
Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін Қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Ол қалдықтарды басқару процестерін орталықтандыруға, барлық мүдделі тараптарды тартуға, циклдік экономика моделін құруға бағытталуы тиіс.
"Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өнеркәсіп қорымен және әкімдіктермен бірлесе, қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын күшейтіп, 3 ай мерзімде бекітілген тізімнің ішінен қаржы бөлінген жобалар санын 5 есеге арттыруы қажет. Өңір әкімдіктері қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әрбір жобаға олар іске қосылғанша толық қолдау көрсетуі керек",- деді ол.
Экология, Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласындағы жобалардың тізбесін айқындауды тапсырды. Сәуір айында инвесторлар тарту үшін аукцион ұйымдастырылуы керек.
Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарды қолдау мен ынталандырудың нақты шараларын әзірлеуі қажет. Бұл көмір химиясы, құрылыс материалдарын жасау, жерде сирек кездесетін металдарды алу салаларында жаңа өндірістер құруға мүмкіндік береді.
Экология, өнеркәсіп, энергетика және цифрландыру министрліктерінің алдына коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару, мониторингтеу және бақылау саласында цифрлық шешімдерді әзірлеу міндеті қойылды.