«Айкербездің» сән кеші

Қосшы

Орал қаласында «Айкербез» шығармашылық ұжымы ұлттық нақыштағы сән кешін өткізді. Дәстүрлі маусымдық сән көрсетілімінде ерлер мен әйелдерге арналған ұлттық нақыштағы күнделікті киім үлгілері ұсынылды.

Дәстүр мен заманауи стильді үйлестірген ерекше кеште жергілікті дизайнерлердің қолынан шыққан киімдер мен қолөнер бұйымдары көпшілікке таныстырылды. Келушілер Айнагүл Халыққызының ерлер мен әйелдерге арналған шапан, жейде, көйлек, орамалдарын, Светлана Дүйсенбаеваның құрақ сөмкелерін, белдіктерін, Гүлжан Есмадиярованың әдемі тақияларын тамашалап, жеңіл­дікпен сатып алып жатты. Сондай-ақ Гүлжанар Арыстанова мен Жанаргүл Жәңгірованың ерекше кеудешелері мен тақиялары, Ләззат Шағатайдың әйелдерге арналған жеңіл шапандары, Лия Төлегенованың әйелдерге арналған заманауи этнокиімдері көпшіліктің назарын аударды. Мөлдір Елеусінова ұсынған әйелдерге арналған көйлек, белдемше, жейделер де көздің жауын алды. Сән көрсетілімін ұйымдастырған «Nomadica» жобалар агенттігі бұл кешке ерекше дайындалған екен. Жаңа киімдерді көпшілікке көрсеткен қыз-жігіттер – жергілікті дизайнер Лунара Ильхамқызының «Li_fashion_models» мектебінің модельдері де сахналық шеберлігімен көзге түсті.

п

Ерекше атап өтер жайт – кеште ұсыныл­ған киімдер табиғи мақта, зығыр, киіз, жібек, вискоза, велюр маталарынан тігілген екен. «Киім үлгілеріндегі ою-өрнектер киімге салынатын оюлардың ережесін сақтай отырып басылған» дейді үлгі иелері. Киім пішіні – qasual style-дағы маусымның кез келген уақытында күнделікті киіп жүруге болатын, міндетті түрде қазақы табиғат сақталған, замануи үлгімен үйлесімді табиғи түстерден дайын­далған.

Бір қызығы, кеште киім шеберлерінің бірлескен туындылары сән әлеміндегі шығармашылық ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Мысалы, Гүлжанар мен Жанаргүл ұсынған ұлттық стильдегі кеудешелер, Мөлдір тіккен көйлектегі Светлананың қолынан шыққан құрақ қал­та, Айнагүлдің шапанына жараса қалған Гүлжанның киіз тақиясы – бәрі-бәрі достық пен жарасымдылықтың рәмізі іспетті болды.

пр

– Сән – тек сырт келбет емес. Ол – тарих, ол – мәдениет, ол – болашаққа жа­зылған үндеу. Бүгінгі кеште сән­гер­леріміз бабалар мұрасын жаңа бояу­мен сөйлетті. Біз оларға алғыс айтамыз! Ұлттық стильді насихаттайтын сән әлемі дами берсін, – дейді «Nomadica» жоба­лар агенттігінің жетекшіcі Альфия Шамаева.

Батыс Қазақстан облысы