Әйгілі сатирик-ақын , Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Отырар ауданының құрметті азаматы Көпен Әмірбек арамызда жүргенде 75 жасқа толар еді...
2022 жылдың 9 қарашасында талантты сатирик, курстасымыз Көпен Әмірбек өмірден озды. Содан бері үш жылға таяу уақыт өтіпті. Көпенмен алғаш рет 57 жыл бұрын танысқан едім. 1968 жылдың қоңыр күзінде Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ университетінің журналистика факультетіне 52 жас оқуға түстік. Шелек ауданының «Қазақстан» кеңшарына жүзім теруге барған кезде бір-бірімізбен жақын таныстық. Кешкі астан соң студенттер кең клубтың ішінде курстастарымыз өлеңдерін оқиды, кейбірі әңгімелерін талқыға салады. Соның бірі – Отырар ауданынан келген Көпен Әмірбек.
Оқу басталды. Ол кезде бірінші курстағылар спорт секциясына жазылуы керек болатын. Кәкен Хамзин екеуміз ауыр атлетикаға жазылдық. Көпен еркін күрес үйірмесін таңдапты. Жоғарыда айтқанымдай, күреспен мектепте жүргенде жаттыққан Көпен бозкілемде қарсыластарының аяғын көктен келтіріп, Алматыдағы жоғары оқу орындарының жастары арасындағы жарыстарда жүлде тере бастапты.
Бірде университет спорт залында қала жастары арасында біріншілік өтті. Финалға шыққандар спорт шеберлігіне үміткер атанбақ. Тайлы-тұяғымызбен Көпеннің сайысын көруге бардық. Еркін күрестің тәсілдерін еркін меңгеріп алған курстасымыз финалға дейін еркін жетті. Ақтық сында Көпен аз ғана ұпай санымен ұтылды.
Студент кездің өзінде Көпеннің сықақ өлеңдері газет-журналдарға шыға бастады. Университеттегі «Қызғалдақтар» ансамблінің белді мүшесі болды. Өлеңдерін оқумен бірге концертті ерекше жүргізетін. Оның тапқыр сөздері көпшіліктің көңілінен шығып жататын. Бірде Масаншы көшесіндегі университеттің акт залында факультет өнерпаздарының қорытынды концертін жүргізді. Журналистика факультеті атынан күйші, ақын Тілеумұрат Қожабеков сахна төріне көтерілді. Сол мезетте Көпен микрофонды ала салып, «Төремұраттың күйі «Төремұрат», орындайтын Тілеумұрат», деп сарт еткізді. Жиналғандар ду қол соқты. Бұл да Көпеннің қиыннан қиыстырған тапқырлығы еді.
Университет бітірген бойда Көпен азаматтық борышын өтеуге аттанды. Елге оралған соң мерзімдік баспасөздерде қызмет етті. «Егемен Қазақстан» газетінің Шерхан Мұртаза ашып берген фельетон бөлімін басқарды. «Ара» журналының бас редакторы қызметінде жүргенде ол бармаған облыс, аудан қалмаған шығар. «Көпен келе жатыр» дегенді естігенде аудан басшылары сасқалақтап, кем-кетіктерін жабуға тырысатын. «Ара» журналында Көпен жазған сын мақалалардан соң талай басшылар қызметінен айырылғаны шындық. Қоғамдағы келеңсіздіктерге оның жаны қас болатын, батыл сынады. Кейін «Шалқар» радиосының бас редакторы болды. Көпеннің «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Неменеге жетісіп күлесің», «Көкемнің көзі», «Батпан құйрық», басқа да жиырмадан астам еңбегі – оқырман сүйіп оқитын кітаптар.
2000-жылы ол іссапармен Өскеменге келді. Мектеп оқушыларымен кездесті. Өскемендіктер Көпен көшеде келе жатқанда көре қалса амандасып, ілтипат білдіріп жататын. Сол жолы Өскемендегі Мәдениет үйінде курстасым қала тұрғындарымен кездесу өткізді.
2020 жылдың ақпан айында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бірнеше жыл іскерлікпен басқарған техника ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Әшімжан Ахметов құрметіне аудитория ашылды. Оған профессордың бірге оқыған досы Көпен Әмірбек, жұбайы Дина, курстастары Ғалия Омарханова, осы жолдардың авторы, қаланың зиялы азаматтары, студенттер қатысты. Көпен небәрі 63 жасында өмірден озған досы Әшімжан Ахметовтің қазақ елінің біліміне өлшеусіз үлес қосқанын атап өтіп, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп отырған университет ректоры Мұхтар Әділбекұлына алғыс айтты. Сол жолы университет ректоры Көпенді келе жатқан 70-ке толатын мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Әсірелеп айтқанда, Көпеннің атағынан ат үркетін. Ол Мәскеу мен Ташкентте өткен Бүкілодақтық жас сатириктер байқауының жүлдегері атанды. Атақ-даңқын айтпаса да, халқы Көпеннің талантына бас иді. «Көпен келе жатыр» десе, құшақ жая қарсы алатын. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын Көпен жеті том болатын «Көпен келе жатыр» атты түрлі-түсті фото-альбом кітабын шығарып үлгерді. Бала кездегі, есейген шақтағы, шығармашылық жетістіктері, достары, кіндік қаны тамған өңірдегі азаматтар туралы көптомдығы оқырмандар тарапынан қолдау тапты. Ұлттық академиялық кітапханада тұсаукесері де дүркіреп өтті.
Жоғарыда айтқанымыздай, Көпен спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Кейде екеуімізді жақындастырған спорт па деп ойлаймын. Өйткені ол «Қазақ спорты» газетін үзбей оқитын. Газетті оқып болған соң маған телефон шалып, қазақ спортының жай-күйін айтатын. Елімізде ұлттық спорт түрлері бәйге, аударыспақ, қазақ күресі, теңге ілу, қыз қууды дамыту үшін не істеу керегін қозғайтын.
Көпеннің басы идеяға толы болатын. Астана мен Алматы, Шымкент пен Ақтөбе, басқа қалаларда тұрып жатқан курстастарына үнемі хабарласып, хал-жағдайларын сұрап тұратын. Бұдан бес жыл бұрын университетке оқуға түскенімізге 50 жыл толуы құрметіне Алматыда бас қосу жөніндегі Көпеннің бастамасын қызу қолдадық. Курстасымыз, жазушы, ақын Өріс Яшүкірқызының бастамасымен «Дариға-ай, қайда сол жылдар» атты 350 беттік естелік кітап жарық көрді. Бас редакторы – Көпен Әмірбек. Курстастар жайындағы жаңалықтарды Көпеннен еститінбіз. Өкінішті-ақ, ҚазМУ-ды бітіргенімізге жарты ғасыр толған елеулі оқиғаға Көпен досымыз қатыса алмады. Бір кем дүние.
Әлі есімде, төрт жыл бұрын маған телефон соқты. «Енді жарты жылдан кейін 70 жасқа толатын мерейтойым. Аманшылық болса, қасиетті Түркістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Арыстанбабқа барып, Жұбанышты сүндетке отырғызу ойымда. Соған курстастарды шақырып, құрбандық шалсам, қариялардың батасын алсам деген ниет бар», деді. Өкінішке қарай, ақпанның соңында коронавирус деген тажал қадамымызды аттатпай тастады.
Көпен мен Әйгерімнің сүйеніші Жұбаныштың әдебиетке, спортқа бейімі бар. Ол тіпті үш жасынан бастап футбол ойнай бастады. Мектепте мақал-мәтелдер айту жөніндегі жарыста бірінші орын иеленіпті. Көпен ұлы Жұбанышты бұдан үш жарым жыл бұрын каратэ секциясына өзі ертіп барған. Жәнібек Өмірзақов деген белгілі жаттықтырушы «Ашихара каратэ» тобында жиырмаға тарта баланы баптайды. Жұбаныштың қадамы сәтті. Тараз, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Алматы қалаларында өткен байрақты бәсекелерде бірінші орынға ие болды. Алтыншы кю дәрежесі бар Жұбаныштың келешекте чемпион атанатыны сөзсіз. Көпеннің ұлы қазақ елінің абыройын асқақтата береді деген ойдамыз.
Қайран Көпен! Әлі де туыстарың мен курстастарыңның арасында, жұбайың мен ұлыңның қасында жүре тұруға болатын еді. Тағдыр деген осы. Көпен морт сынды. Айналасы төрт-бес айдың ішінде өмірден өтті. Өлерінің алдында 18 қыркүйек күні бізді үйіне қонаққа шақырды. Түрі сынық, шаршаңқы болса да көңілді отыруға тырысты. Арасында қайта-қайта диванға қисая кетеді. Мұның алдында Көкшетау, Ақтөбе, Алматыға сапарлап келген. Е, қатты шаршаған екен деген ойда қалдық. Кетерімде құшақтап қоштасты. Бұл соңғы кездесуіміз екен. Арада бір жарым айдан кейін, 9 қарашада қайран дос мәңгілік сапарына аттанып кетті. Курстастар арасынан Камал Әбдірахман екеуміз Көпенді туған мекеніне шығарып салдық.
Көпен өлген жоқ. Арамызда баяғысынша әлі келе жатқандай. Соңында рухы мықты азаматтың қанатты сөздері, шығармалары қалды. Халық Көпеннің әзілін сағынып жүр...
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Жазушылар одағының мүшесі