Өлке әдебиетінің өрісі

Жаңалықтар

Әдебиет әлеміне сүбелі үлес қосып жүрген қаламгер­лер еліміздің әр түкпірі­нен табылады. Алайда олардың бірқатары әдеби ортадан жырақ. Кітаптары көп насихаттала бермейді. Сондықтан өздері де жиі аталмайды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты міне, осындай олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп, «Қазақстан әдебиеттануы, фольклортануы және өнертануы экожүйесінің цифрлық трансформациясы: пәнаралық зерттеулер» атты жоба әзірлепті. Осы жоба бойынша өңірлердегі қаламгерлердің шығармаларын насихаттау, олар­дың еңбектері негізінде ұжымдық монография жазу және үздік туын­дыларды ғылыми айналымға шығару көзделген.

Жуырда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты­ның қызметкерлері, филология ғы­­лы­м­дарының докторы, профес­сор Гүл­жа­хан Орда мен докторант Жан­сұлу Сәрсенбаева Түркістан облысы мен Шымкент қаласын­да тұратын қаламгерлердің басын қосып, «Өлкелік әдебиетті зерттеу» атты сыр-сұхбат ұйымдастыр­ды. Кездесуде Жазушылар одағы­ның Шымкент қаласы бойын­ша өкілі Момбек Әбдіәкімұлы, жазушылар Захардин Қыстау­баев, Сарманбай Исахов, ақын­дар Бөрібай Оразымбетов, Нұрғиса Төремұратов, Нұрғали Серда­лиев, тағы басқалар сөйлеп, қазіргі қазақ әдебиеті жөніндегі ойларын ортаға салды. Соның ішінде өңір қаламгерлерінің таңдаулы шығармаларын кітап етіп бас­тыру үшін мемлекеттік қолдау көрсету керектігі туралы да айтылды. Өз кезегінде Гүлжахан Жұмабердіқызы жақсы туындыларды насихаттау және олар жөнінде министрлікке, баспалар­ға және басқа да тиісті орындарға ­хабарлап отыру міндеттеріне жата­тын­дығын жеткізді.

Мұнан соң Гүлжахан Орда М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолдауымен шық­қан «ХХІ ғасыр әдебиеттануы: Тер­миндер сөздігі», «Қазіргі поэ­зия­дағы модификация: стиль, ыр­ғақ, форма», «Қазіргі балалар әде­­биеті», «Жаңа қазақ әдебиеті» және «Балалар әдебиетінің пәнара­лық аспектілері» деген зерттеу ең­бек­терін таныстырды. Аталған кітап­тарды қаламгерлерге сыйға тартты.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ