Саланың бүгінгі белесі

Жаңа күн

Жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде Медицина қыз­мет­керлерінің күні аталып өтеді. Бүгінде еліміздің ден­сау­лық сақ­тау саласында 378 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның ішін­де 81 мың дәрігер, 190 мың орта буын медицина қызметкері, 54 мың кіші медицина қызметкері, 53 мыңға жуық өзге маман (әкім­ші­лік, әлеуметтік қызметкерлер, психологтер, инженерлер, т.б) бар.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қыз­мет­­керлерін құқықтық және қар­жы­лық тұрғыдан қорғау жүйе­сін енгізетін және олардың жауап­кершілігін арттыратын, әлеу­меттік жағынан қолдайтын заңға қол қойды. Осы арқылы медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізіліп, сала мамандарын қолдауға бағытталған түзетулер қабылданды. Ауылдық жерлерде кадр тапшылығы бар салаларда жұмыс істейтін мамандарға бір реттік 100 ең төменгі жалақы көлемінде (8,5 млн теңгеден астам) төлем тағайындалды. Нәтижесінде, 2023 жылдың қорытындысы бо­йынша дәрігер тапшылығы 19%-ға (4864-тен 3954-ке дейін), орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7%-ға (4820-дан 4505-ке дейін) азайды.

Медицинадағы білім сапасын көтеру мақсатында гранттар мөлшері сараланып, медициналық колледждер мен жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы көбейген. Мемлекет жыл сайын жүздеген студент пен медицина маманын шетелдің же­текші университеттеріне оқуға жібереді. Осылайша, білімі то­лыс­қан мамандар шетелдің озық тәжі­рибесі мен білімін отандық медицинаны дамытуға пайдаланып жүр. Биылғы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойын­ша 1,4 млн адам стационарлық көмек алған. Оның ішінде 399 мыңнан астамы – балалар. 445 мыңнан астам операция жасалса, оның 8,4 мыңы – жоғары технологиялы операциялар. 80 мыңнан астам науқас стационар жағдайында оңалтудан өткен, 3 миллионнан астам реабилитациялық қызмет емханада көрсетілген. Жыл басынан күні бүгінге дейін елдегі емханалар 163 миллионнан астам өтінішке қызмет көрсеткен. Жедел жәрдем қызметі 2,7 млн шұғыл шақыртуға барған. Қолы алтын акушерлердің көмегімен 132 мыңға жуық бала дүниеге келген.

Денсаулық сақтау министрлігі Пре­­зидент тапсырмасымен меди­ци­на­лық-санитарлық алғашқы көмекті жүйелі түрде транс­фор­­мациялауды был­тыр бас­тап кетті. Бұл өзгерістер ден­сау­лық сақтау жүйесінің бар­лық саты­сын қамтиды. Яғни өзге­рістер заң­намадан басталып, цифрлық ше­шімдер мен жаңа клиникалық тәжіри­белерді енгі­зумен жалғасады. Мысалы, профилактика мен созылмалы ауру­ларды басқаруға басымдық бере отырып, алғашқы көмек көр­сетудің бірыңғай стандарттары бекі­тілді. Медициналық білім сапасы күшейді. Мейіргерлік тәжірибе дамып келеді. Енді мейіргерлер де пациент­терді өз бетінше қабылдай алады. Бұған қоса, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға бағытталған скри­нингтің жаңа түрлері іске қосылды. Кардиология, онкология, эндокринология, басқа да бағыт­тар бойынша құзыреттілік орта­лық­тары құрылып жатыр. Кейінгі үш жылда елімізде 633 денсаулық ны­саны бой көтерген. Олардың қа­тарында Астанадағы Ұлт­тық ғылыми онкология орта­лы­ғының, 200 төсектік орынға шақ­тал­ған Ұлт­тық шұғыл медицинаны үй­лес­тіру орталығының нысандары бар. Алматыдан 350 төсектік орын Ұлт­тық ғылыми жұқпалы ауру­­лар орталығы салынды. «Ауыл­­да ден­саулық сақтауды жаң­ғырту» ұлт­тық жобасы аясында бү­гін­ге дейін 469 алғашқы меди­цина­лық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) нысаны салынған. Биыл жыл­дың соңына дейін тағы 186 ны­­санның құрылысы аяқ­та­лады деп жоспарланған. Бұдан өзге 32 көп­салалы аудандық орта­лық ауру­­­хана заманға сай меди­ци­на­лық жаб­­дықтармен жаңғыр­ты­лып жатыр.

Мем­лекет басшысы былтырғы Жол­­дауында медицинада ақпа­раттың бірыңғай дерекқорын құруды ұсынды. Салаға бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыру мәселесін басшылыққа алуды тапсырды. Біріне-бірі байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік меди­циналық ақпарат жүйесін жасауды жүктеді. Содан беріде салада бір­шама өзгеріс болды. Айталық, елі­міздің денсаулық сақтау сала­сында 17 ақпараттық жүйе бар бол­са, осы жүйе­лерді сегізге қыс­қар­туға қатыс­ты жұмыс басталып кетті. Бірың­ғай мемлекеттік меди­циналық дерек­қор әзірленіп жатыр. Жұмыстарды Денсау­лық сақ­тау министрлігі жоспарға сай биыл жел­тоқсанға дейін аяқтауға тиіс.

Бүгінде медицинадағы 52 мемле­кеттік қызметтің 90%-дан астамы толық цифрландырылған. Бірың­ғай мемлекеттік медици­на­лық ақпараттық жүйе меди­ци­на­лық көмекті төлеудің бір­ың­­ғай жүйесін енгізеді. Осы ар­қы­лы «жалған деректердің» жолын кесуге арналған цифр­лық бақылау тетіктері іске қосы­лады. Ситуациялық талдау орталығы Денсау­лық сақтау министр­лігі­нің ақпараттық жүйе­лері­мен біріктіріледі. Меди­цина­лық ақпарат­тық жүйе­лер­ді интеграциялаудың, модер­ни­за­циялаудың нәтижесінде медицина қызметкерінің жүктемесі 40%-ға азаяды. Дәрігерлер бүгінге дейін 4 ақпараттық жүйеде жұмыс істесе, қазір соның бірін ғана қолданады.

Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының, Үкі­мет­тің тапсырмаларын уақ­тылы әрі сапалы орындау мақ­са­тында медициналық көмекті ұйым­дас­ты­руды жетілдіруге күш салып, оның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге көп көңіл бө­леді. МӘМС жүйесін түбегейлі жаң­ғырту жөнінде жаңа бастама­ларды енгізеді. Салаға инвес­ти­ция тартуды жалғастырып, ұлт­тық жоба аясында денсаулық сақ­тау нысандарын уақтылы пай­далануға беруге басымдық береді. Бірыңғай мемлекеттік меди­циналық ақпараттық жүйені енгізіп, медицина мамандарын даярлау ісінде сапаны арттыруды пысықтайды. Шын мәнінде ресурстарды тиімді, ашық және ұтымды пайдалану арқылы ғана пациентке бағытталған денсаулық сақтау моделін қалыптастыруға мүмкіндік туады. Жоғарыдағы жоспардың барлығын үйлесімді іске асыруда мәселенің бәрі қаржыландыруға келіп тіреледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асырыла бастағалы салаға тиесілі қаражат екі есе көбейді. Қаржы жеткілікті, демек жұмысты тиімді үйлестіре білсе, медициналық көмек сапасын жақсартумен қатар, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтере беруге де әбден болады.