Отандық стартап әлемдік нарыққа шықты

Жаңа күн

Отандық «GoatChat.AI» стартапын Испанияның ірі медиахолдингі «Newry Global Media» сатып алды. Әлем қызығып отырған «GoatChat.AI» – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, отандық инноваторлар Ербол Көпжасар мен Бақытжан Дос құрған бірегей мобильді қосымша. Қосымша әлемдік деңгейдегі үлкен тілдік модельдер арқылы жұмыс істейді әрі «ChatGPT» секілді танымал «AI» технологияларымен бір қатарда тұр.

Қосымшаның негізгі ерек­шелігі – оқу, білім, ойын-сауық саласында пайдаланушыларға қолайлы мүмкіндіктер ұсыну. Мысалы, қолданушылар тарихи тұлғалардың цифрлық егіздерін жасап, виртуалды сұхбат құра алады. Эйнштейнмен физика жөнінде пікір алмасып, белгілі жазушы немесе ғалыммен әңгіме-дүкен құру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар суреттер генерациялау, мәтін жазу, эссе құрастыру сияқты функциялармен жабдықталған. «GoatChat.AI» қосымшасында ақылы және тегін қызмет түрлері қарастырылған. Тегін нұсқада шектеулі мүмкіндіктер ұсынылса, ақылы нұсқада пайдаланушылар қосымшаның барлық функциясын толық әрі шектеусіз қолдана алады. Мәселен, АҚШ-та апталық жазылым – 9,99 доллар, айлық жазылым – 24,99 доллар, ал жылдық жазылым құны – 99,99 доллар.

Жақында «GoatChat.AI» жобасын Испанияның ірі медиахолдингі «Newry Global Media» сатып алды. Бұл туралы «GoatChat.AI» стар­табының негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Бақытжан Дос «Facebook» әлеуметтік желісінде хабарлады.

«Бүгін біздің компания танымал «AI» қосымшасы «GoatChat.AI» стартабын испандық «Newry Global Media» медиахолдингіне сатқанын ресми түрде хабарлайды. Қосымша 52 апта бойы еуропалық «App Store» чарттарында үздік үштікте тұрақтап, 9 миллион рет жүктелген», деп жазды Бақытжан Дос.

Сондай-ақ бұл мәміле туралы «MOST Ventures» қорының басқарушы серіктесі Әлім Хамитов түсініктеме берді. Қор бұған дейін «Adaptive Plus» компаниясына инвестиция салған болатын.

«Adaptive Plus» компаниясы өзінің танымал «AI»-қосымшасы «GoatChat.AI»-ды испандық «Newry Global Media» медиахолдингіне сатты. 2021 жылы құрылған «Goat­Chat.AI» қосымшасы студенттерге оқу барысында тапсырмалар мен емтихандарға дайындалуға көмектесетін үлкен тілдік модельдер негізінде жұмыс істейді. Сонымен қатар қосымша цифрлық егіздерді («AI Twin») жасау, арнайы тұсқағаздарды генерациялау, жасанды интеллект пен тарихи тұлғалармен топтық чаттар секілді ойын-сауық қызметтерін ұсынады. Бұл қызметтер ар­қылы қосымша 9 миллион рет жүктеліп, 52 апта бойы Еуропа «App Store» чарттарының үздік бестігінен түспеді. «TechCrunch» басылымының деректері бойынша әлемдегі ең көп жүктелетін әрі табысты «AI»-қосымшалардың үздік ондығына кірді», – дейді Әлім Хамитов.

Оның айтуынша, Мадрид қа­ла­сында орналасқан «Newry Global Media» компаниясы цифр­лық контентті құруға, моне­ти­зациялауға және таратуға маман­данған. Кейінгі екі жыл ішінде бұл холдингтің қосымшалары 520 миллион рет жүктеліп, 5 мил­лион жазылушы жинаған. Ком­пания Африка, Азия, Латын Аме­рикасы елдерінде өз қызметін ұсынады. «GoatChat.AI» стартабын сатып алу – медиахолдингтің жаһандық на­рықтағы ұстанымын күшейтуге арналған стратегиялық қадам.

«GoatChat.AI» стартабының негізін қалаушылардың бірі Ербол Көпжасар стартаптың қалай пайда болғанын айтып берді.

«16 жасымда Ұлыбритания­дағы Ньюкасл университетіне оқу­ға түстім. Оқуымды жоғары үл­ге­ріммен тегін жалғастыр­дым. Уни­­верситетті аяқтайтын кез­де мес­сенд­жерлердің бірінде бағ­дар­­ла­машы болып жұмыс істеп жүр­­дім. Кейін Қазақстанға оралдым. «nFactorial»-да ментор болып жұмыс істеп, мемлекеттік сек­тор­дың қалай жұмыс істейтінін кө­ру мақ­сатында «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығына орналас­тым. Сонымен қатар түрлі тапсырыс­тар алып отырдым, алайда өзім бағ­дар­ламалаудан шаршап, менеджер­лікке бет бұрдым», дейді Ербол.

Бақытжан Доспен танысып, онымен бір жыл Мәскеуде люкс көліктерді жалға беретін қосымша жасау жобасында жұмыс істегеннен кейін, елге оралып, өз жобаларын қолға алған.

«GoatChat.AI» жобасы кезекті әңгіме барысында дүниеге келген. «Goat» атауын таңдап, адам жасанды интеллектпен әңгімелесе алса, әйгілі тарихи тұлғалармен де сөйлесе алуы керек деген идеяны жүзеге асырған. Кейінірек жобаның функционалы кеңейтіліп, цифрлық егіздерді жасау қызметі қосылады.

Ербол Көпжасардың айтуынша, қолданушы чат-ботқа қажетті ақпаратты енгізіп, оның кез келген сұраққа жауап беруін қамтамасыз ете алады. «Мысалы, қаржылық сауат­тылық бойынша сұрақтарға жауап беретін цифрлық егіздерді жасауға болады. Бір қызығы, пайдаланушылар қарапайым онлайн-ассистентке қарағанда, цифрлық егіздермен сөйлескенде жиі сәлем­десіп, алғыс айтады», дейді ол.

Қазіргі уақытта мәміленің қар­жы­лық жағы жарияланған жоқ. Деген­мен бұған дейін «GoatChat.AI» стартабы 1,2 миллион доллар инвестиция тартып үлгерген. Қар­жыландыруға 500 «Startups», «MOST Ventures» және Мұрат Әбдірах­манов қатысқан. Бұған де­йінгі сұхбатында Ербол Көпжасар стар­таптың келесі инвестициялық раундта 30 миллион доллар тартуды көздейтінін айтқан еді.