Айтыскер ақын, мотиватор Айнұр Тұрсынбаева келінімен қандай қарым-қатынаста екенін айтып берді.
Бұл туралы ол Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Біз бірге тұрмаймыз. Ұлымнан бөлек тұрамын. Келініммен алғаш танысатын кезде ең бірінші құдаларым жақсы кісілер болса екен деген ойда болдым. Мен тура армандағандай Мадинаның ата-анасы өте таза адамдар. Мен Мадинаға мен түнде келе жатқанда үйді жинап, есің шығып мамаға былай жасаймын десең онда сенде еркіндік болмайды қалады деймін. Көп адам менімен келіспейтін шығар, әркім өз отбасында өзі біледі. Бекланның үйіне баратын болсам, тамақты көшеден ішіп келемін. «Келін, шай қайда? Неге шай бермейсің?» деген бізде жоқ. Ұйқың келіп тұр ма, ұйықтап ал деймін. Келін мынадай уақытта тұру керек деген заң жоқ. Адам өз қалағанынша өмір сүру керек. Өз жұмыстары бар, бизнестері бар, балалары бар», — деді Айнұр Тұрсынбаева.
Сондай-ақ мотиватор Айнұр Тұрсынбаева оңтүстік пен солтүстіктегілердің құдалығы туралы да айтып өтті.
«Құдаласу оңтүстікте өте актуалды ғой. Бізде оңтүстікте қандай дүние әкелді, қалың мал қанша болыпты? дегенді бірінші орынға қойып жатады. Біз Мадинаның ата-анасымен келісіп, құда-құдағи боламыз деген кезде Көкшетау жақта қалың мал деген мүлдем жоқ екен. Бірақ мен сіздерде қалың мал бар ма, жоқ па сіздер өз елдеріңіздің салт-дәстүрімен жасай беріңіз, біз өз еліміздің салт-дәстүрімен жасай береміз. Оңтүстікте қалың мал да беріледі, солай келістік. Оңтүстікте қалай жасалады, ал сіздерде солтүстікте қалай болады солай жасаңыздар дедік. Зат емес, адамды алып жатырмыз. «Оның құны мынадай, оған мынша әкелу» деген кішкене дұрыс емес дүние деп ойлаймын. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дейді. Өзіміздің жөн-жоралғыларды жасадық. Кейін құдағиға Бекланның өз үйі бар, шкаф анау мынау керек емес дедім. «Мадинаға не керек, соны әкеліңіз» дедім. Сізде еркін, менде емін-еркін болайық дедім», — деді айтыскер ақын.
Айтыскер ақынның келіні енесімен қарым-қатынасы туралы айтып берді.
«Бүкіл адамдардың ішіндегі ең мейірімді, ең жомарт адам. Мама бізге үлкен қамқорлық жасайды. Әрқашанда біздің жағдайымызды ойлайды. Әрқашан бізге сыйлық жасайды. Мама әр қыздың арманы деп ойлаймын. Әрдайым бізге өз кеңестерін айтып отырады. Маманы расында да үлгі тұтамын, мама сияқты болғым келеді», — деді Айнұр Тұрсынбаеваның келіні Мәдина Жәниева.