Айтыскер ақын, мотиватор Айнұр Тұрсынбаева келінімен қарым-қатынасы мен құдалық дәстүрлері туралы Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрсынбаева келіні Мәдинаға ешқандай шектеу қоймайтынын, оның өз өмірі мен отбасын қалағанынша жүргізуге еркіндік беретінін айтты.
«Мен кеш келсем, үйді жинап, тамақ дайындап, мені күтіп отыруың керек деген талап жоқ. Өз жұмыстары, бизнестері бар, балалары бар. «Келін шай құюға міндетті» деген түсінік бізде жоқ. Ұйқың келсе, ұйықтап ал», – деді ол.
Айтыскер ақын оңтүстік пен солтүстіктегі құдалық дәстүрлерінің айырмашылығы туралы да сөз қозғады.
«Оңтүстікте қалың мал мәселесі өте маңызды, ал Көкшетау жақта мүлдем жоқ екен. Біз әркім өз салт-дәстүрін сақтап, өз еркімен жасауға келістік. Адамды зат сияқты бағалау дұрыс емес», – деп бөлісті ол.
Айнұр Тұрсынбаеваның келіні Мәдина Жәниева енесін мақтап, оның ерекше қамқорлығын атап өтті.
«Мама – ең мейірімді, жомарт адам. Әрдайым жағдайымызды жасап, кеңес береді. Мама – әр қыздың арманы. Мен де ол кісі сияқты болғым келеді», – деді Мәдина.