Президент жиналған қауымды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтап, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразалары қабыл болуына тілектестік білдірді.
Сондай-ақ Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында көптеген салмақты ұсыныс айтылып, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті.
– Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.