Мемлекет басшысы ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият болуды ескертті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда елдегі ономастика саясатына қатысты өз ұстанымын білдіріп, тарихи тұлғаларды ұлықтау мен жер-су атауларын жүйелеу мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы көрнекті қайраткерлердің есімін ел есінде сақтау маңызды екенін атап өтті, бірақ архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды асыра дәріптеу дұрыс емес екенін ескертті.
"Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы бұл жұмысты ретке келтіру керек", – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы елді мекендер мен көшелерге атау беру мәселесіне тоқталып, тарихи тұрғыдан ескірген атауларды өзгертуге мұқият қарау керектігін атап өтті.
"Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн", – деді президент.
Бұл ретте мемлекет басшысы науқаншылыққа жол бермеуге шақырды. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды екенін ескертті.
"Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет", – деді президент.
Айта кетейік, бүгін Бурабайда мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтай өтіп жатыр.