Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында құқық қорғау органдарын жалған психологтар мен «коучтардың» әрекетіне жіті бақылау орнатуды тапсырды.
— Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы құрылтайда сөз алған заңгер Айгүл Орынбектің ұсыныстарына қолдау білдірді.
— Бұдан бөлек, қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс, — деді Президент.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның алғашқы күнінде айтылған ұсыныстар туралы мәлімет берген еді.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың 4-отырысы аясында Қазақстан тарихының жаңа академиялық басылымын әзірленетінін айтты.
2022 жылы Ұлттық құрылтай алғаш жанданғаннан бері елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды.