«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», дейді дана халқымыз. Бұл нақыл Балжан Маратбекқызының отбасының өмірімен үндес. Себебі ол ұстаздар әулетінде дүниеге келген. Әкесі де, анасы да – бар ғұмырын жас ұрпақтың тәрбиесіне арнаған жандар. Осындай ортада тәрбиеленген ол да мұғалімдік жолды таңдады.
Балжан қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Қайнарлы ауылындағы Привольное орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Оның өмірлік ұстанымы – Әл-Фарабидің: «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді», деген сөзі.
«Ұстаз заман талабына сай әрдайым ізденісте болып, өз білімін жетілдіріп, дамытып отыруға тиіс», дейді Балжан. Ол оқушылардың зерттеу қабілетін арттырып, оларды түрлі байқауға дайындауға ерекше көңіл бөледі. Оның жетекшілігімен оқушылары «Зерде» байқауында жүлделі орындар иеленген.
«Шәкірттерім жыл сайын мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болады. Бұл – олардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Әр баланың бойындағы ерекше қабілетті ашу, білімге деген құштарлығын ояту – ұстаздық жолымдағы басты мақсатым», дейді педагог.
Ол шәкірттеріне біліммен қатар, ұлттық тәрбие беруді де маңызды санайды. «Сабақтарымда балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, туған жерін қадірлейтін, қазақтың бай мұрасы мен мәдениетін құрметтейтін азаматтарды қалыптастыруға тырысамын», дейді Балжан.
Балжан Маратбекқызы жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, олардың тұлға болып қалыптасуына үлес қосып жүр. 2024 жылдың үздік ауыл мұғалімі атанған Балжан Маратбекқызы үшін білім беру – жай жұмыс емес, өмірдегі миссиясы.