Ертіс-Баян өңірінде, Аққулы ауданындағы «Омбы-Майқапшағай» республикалық маңызы бар автожолының бойында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды. Жаңа бөлімше өрт сөндіру бөлімін, трассалық-құтқару бекетін, Апаттар медицинасы орталығының бригадасын біріктіреді.
Төтенше жағдай қызметі мамандарының пікірінше, мұндай формат өрттерге, жол-көлік оқиғаларына, өзге де төтенше жағдайларға тез арада ден қоюға мүмкіндік береді. Павлодар қаласынан 100 км жерде орналасқан жаңа кешен – еліміздегі үшінші нысан. Оның бірегейлігі – бірнеше шұғыл қызметтің бірге қызмет атқаруына жағдай жасалған. Яғни бір аумақта өрт сөндіру бөлімі, Апаттар медицинасы орталығының трассалық медициналық-құтқару бекеті тоғысқан. Жақын арада мұнда облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмыс істей бастайды.
– Министрлік ауылды жерлердегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыруды жалғастырып жатыр. Бірлескен қызмет уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Төтенше жағдайдың сипатына қарамастан, яғни өрт, жол-көлік оқиғасы немесе шұғыл медициналық көмек болсын, мамандар үйлесімді, жедел, тиімді әрекет етеді. Нысанды жаңарту бюджет қаражатынсыз жүзеге асырылды. Өрт сөндірушілерді, құтқарушылар мен дәрігерлерді бір базада біріктіру жай ғана ыңғайлылық үшін жасалған дүние емес. Бұл – төтенше жағдайдан зардап шеккендерге алғашқы минуттарда жедел көмек көрсетудің нақты мүмкіндігі. Мұндай кешендердің автожолдардың стратегиялық маңызды учаскелерінде орналасқаны жөн, – деді нысанның ашылу салтанатына қатысқан Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Орталықтың Аққулы ауданында орын тебуі оның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып таңдалған. Себебі ол Павлодар облысының аумағын ғана емес, «Семей орманын» да қамти алады. Резерваттар мен көліктің жетуі қиын учаскелерге де көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Кешен төтенше жағдай салдарын жоюға қажетті заманауи техникамен, жабдықтармен жарақталған. Аумағында зардап шеккендерді шұғыл эвакуациялау, құтқару топтарын шалғай аудандарға жедел тасымалдауға лайықталған тікұшақ алаңы қарастырылған.
Екі қабатты ғимаратта мамандар тәулік бойы кезекшілік етеді. Жеке құрамға қолайлы жағдай жасалған: демалуға арналған, жуынатын бөлмелер, ас үй, сондай-ақ арнайы техникаға қызмет көрсететін техникалық аймақ қарастырылған. Министр атап өткендей, бұған дейін мұндай кешендер Ақмола, Қарағанды облыстарында пайдалануға берілген. Іс-шара соңында қызметкерлерге жаңа арнайы техниканың кілттері, Алғысхаттар табыс етілді. Сондай-ақ өңірлік департаменттегі бірнеше қызметкердің кәсібилігі мен адалдығы атап өтіліп, оларға кезектен тыс шендер берілді.
Павлодар облысы,
Аққулы ауданы