Астанада ауыр салмақтағы жүк көліктердің қозғалысына бақылау күшейді

Жаңалықтар

Астанада жол қауіпсіздігін арттыру және жолдың зақымдануын болдырмау үшін ауыр жүк көліктерінің қозғалысына күшейтілген бақылау енгізілуде. Бұл шараларды Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті қала әкімдігімен және полиция органдарымен бірлесіп орындап жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Бақылау жылжымалы көліктік бақылау бекеттері арқылы, сондай-ақ автоматтандырылған салмақ өлшеу станцияларының көмегімен қаланың негізгі кіреберістері мен шығыстарында жүргізілетін болады. Тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады, оның мөлшері заң бұзудың ауырлығына байланысты болады.

2025 жылдың 23 наурызы мен 1 мамыры аралығында республикалық маңызы бар жолдармен жүретін көліктерге де осьтік жүктемелерге қатысты қосымша шектеулер енгізіледі.

Наурыздың 6-сы күні қала әкімдігінде жиын өтіп, жергілікті полиция қызметі мен көліктік бақылау инспекцияларын тарта отырып, рейдтік іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылданды. 7 наурыздан бастап елордада алты жылжымалы пост, сондай-ақ көлік инспекторларының күшейтілген тобы жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 94 көлік тексеріліп, жалпы сомасы 11 миллион теңгеден астам сомаға 54 әкімшілік хаттама толтырылған.

Заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында салмағы рұқсат етілген нормалардан асатын жүктерді самосвалдармен тасымалдауға тыйым салынады.

Елорда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыр салмақты көліктерді бақылау жалғасады.