Мәжіліс депутаты 18 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні пайдалануға шектеу енгізуді ұсынды

Жаңалықтар

Мәжіліс отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы кей елдерде кәмелет жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні пайдалануға шектеу қойылғанын айтып, Қазақстанда да осындай шара енгізуді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезінуге болады.

"Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы былтыр жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар. Ал оның 28 пайызы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды.

Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы – Instagram-ды белсенді пайдаланады.

Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді.

Ата-аналардың 62 пайызы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды.

4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы зат сатып алады. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті", — деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алды. Депутат ғаламтордың зардабының алдын алып жатқан елдерді мысалға келтірді.

"Бүгінде әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады.

Атап айтсақ, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы ұсынылды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.

Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек", — деді ол.

Осы ретте депутат ортаға бірнеше ұсыныс тастады:

  • Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет.
  • әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
  • ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құру керек.
  • жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту – интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет.