Қазақстан электролиз зауыты «қанатты» металдың 4 миллионыншы тоннасын шығарды. Бұл рекордқа металлургтер кәсіпорын іске қосылып, алғашқы алюминий шығарылғаннан бері 17 жыл 2 ай дегенде қол жеткізіп отыр.
Павлодардағы Қазақстан электролиз зауыты «қанатты» металл өндірісін бастағаннан бері бастапқы алюминийдің мерейлі 4 миллиондық тоннасын өндірді.
«4 миллионыншы тонна өнімді шығару – кәсіпорнымыздың жылнамасындағы ерекше оқиға. Бұл мерейлі меже – біздің қызметкерлеріміздің еңбегі. Олардың әрқайсысы өндіріске өз үлесін қосып жүр. Біздің ұжымның әрбір мүшесінің арқасында осы жылдар ішінде өндіріс табысты дамып, тиімді бола түсті. Қазіргі таңда кәсіпорында өндіріс дәстүрлерін лайықты жалғастырып, жаңа жетістіктерге қол жеткізіп жүрген 2 мыңнан аса қызметкер жұмыс істеп жатыр», дейді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өндіріс жөніндегі директоры Мұрат Жұмабаев.
Металлургтер үшін алғашқыда төрт миллион тонна алюминийді елестетудің өзі ғажайыпқа тең еді. Егер 4 миллион пакетті бір қатарға қойсаңыз, Павлодардан Мәскеуге дейінгі аралыққа жол салуға болар еді. Ал егер мұндай көлемді теміржолмен тасымалдар болса, онда 65 мың вагоннан тұратын құрам қажет болады.
17 жылда электролиз зауыты халықаралық стандарттардың барлық талабына сай отандық алюминий шығарып келеді. Зауыт – еліміздегі жалғыз бастапқы алюминий өндіруші. Оның өнімдері бүкіл әлемде сұранысқа ие. Бізде өндірілген бастапқы алюминийді көптеген отандық кәсіпорын, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің компаниялары сатып алады.
Маңызды оқиғаның құрметіне орай өндіріс үдерісіне үзбей араласып, төрт миллионыншы тонна алюминий құюға тікелей қатысқан қызметкерлер Алғысхаттармен марапатталды. Солардың бірі – алюминий өндірісіндегі автоматтандырылған үдерістің операторы Әділбек Жаңабаев.
«Мен әрбір миллиондық тоннаны құюға қатыстым. Осымен төртінші рет миллионыншы тоннаны жөнелтіп отырмын. Өз қолымызбен және көз алдымызда кәсіпорынның тарихы жазылып жатыр. Бұл сәт – біз үшін ауқымды мереке, зор мақтаныш. Менің ауысымымдағы әріптестеріммен мерейтойлық іс-шараға қатысу құрметіне ие болдық. Металлург ретінде ерекше толқып тұрмын. Өйткені біз өз қолымызбен елдің металлургия өнеркәсібінің тарихын жасап жатырмыз», дейді ол.
Айтып өтейік, зауыттың бірінші кезегі іске қосылған 2007 жылдың соңына қарай металлургтер 11 мың тонна бастапқы алюминий өндірген. 2010 жылы өндірістің екінші кезегі іске қосылған кезде кәсіпорын жобалық қуат – 250 мың тоннаға жетті. Жыл сайын өндіріс динамикасы өсіп, зауыт қазірдің өзінде 264,5 мың тонна «қанатты» металл беруге қабілетті.
Павлодар облысы