Алматының экс-әкімі Храпуновтың ұлы АҚШ-тағы сотта кінәлі деп танылды

Жаңалықтар

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпунов Нью-Йорктегі федералдық сотта кінәлі деп танылды. Бұл туралы еліміздің Әділет министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 6 тамызда АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округі бойынша Округтік соты дәлелдемелерді зерттеу арқылы өткен тыңдау қорытындысында талапкерлер – Алматы қаласы мен "БТА Банк" АҚ пайдасына шешім шығарып, Ілияс Храпуновты сотты құрметтемеу айыбымен кінәлі деп таныған.

"Бұған дейін қабылданған $221,285.31 төлеу жөніндегі міндеттемеге қоса, федералдық судья Джон Г. Кёлтл Храпуновтың өз активтері туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеген соттың нақты әрі айқын бұйрығын бұзғанын анықтады. Мұндай есептерді ұсыну міндеті оған бұрын сотты құрметтемеу айыбы бойынша кінәлі деп танылғаннан кейін жүктелген болатын", — делінген хабарламада.

Жаңа сот шешіміне сәйкес, Ілияс Храпунов өз активтері және оған қарсы шығарылған сот шешімдерін орындау үшін ақша алуға жасалған әрекеттер туралы толық мәліметті тұрақты түрде ұсынуға міндетті.

Бұл талап орындалмаған жағдайда оған қосымша қаржылық санкциялар қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ Ілияс Храпунов Алматы қаласы мен "БТА Банкке" сотты құрметтемеуі салдарынан келген шығындарды өтеп беруге тиіс.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз