Талдықорғандықтар жылу бағасының бірден екі есеге өсіп кеткеніне шағымданып жатыр

Жаңалықтар

Талдықорғанда биыл енгізілген жаңа тариф бойынша тұрғындар жылу ақысын үй аумағына байланысты төлейді.

Талдықорған қаласының тұрғындары жылуға жауапты мекемеге жаппай шағымданып жатыр. Өйткені халық тариф бағасының бірден екі есеге көтеріліп кеткенін түсінбейді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қымбатшылыққа қарсы шыққан қараша мәселені жергілікті билік бақылауға алсын деп отыр. Себебі, көпшілік бар тапқанымызды коммуналдық қызмет төлеміне жұмсайтын болдық деп қынжылады.

Зейнеткер Гүлбаршын Сейфолдановаға қаңтар айында жылуға 90 мың теңгеге жуық түбіртек келген. Бір айлық зейнетақысын тұтас бердім деген қария бұл сома қандай тарифпен есептелгенін түсіне алмапты.

Талдықорғанда биыл енгізілген жаңа тариф бойынша тұрғындар жылу ақысын үй аумағына байланысты төлейді. Баға 1 гигакалорияға 3 мың теңгеден басталып 12 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл жаңашылдық қымбатшылық қыспаққа алғанда жығылғанға жұдырық болды дейді жұрт.

Ал табиғи монополияларды реттеу департаментіндегілер жаңашылдық "көп тұтынсаң-көп төлейсің" қағидаты бойынша бекітілгенін айтады.

"Бұл жерде 222-де 1-тармаққа сәйкес халық санатына жалпы ауданын мөлшерін есептей отырып, әлеуметтік тұтыну нормалары бекітілді. Айта кететіні, әлеметтік тұтыну нормалары бойынша табиғи монополиялар субъектілері қосымша табыс алады. Қосымша табысты өздерінің қызметтеріне сәйкес желілерді жаңғыртуға, оларды қайта құрылымдауға, сонымен қатар құралдарды алуға жұмсалады", – деді Жетісу облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақбота Тұрысбекова.

Ал сарапшылардың айтуынша, жаңа тариф асығыс бекітілген. Сонымен қатар олар қоғамдық тыңдаулар өткеніне күмәнмен қарайды.

Қоғамдық кеңеске жаңа тарифті қалтамыз көтермейді деп шағым айтып келушілер күрт көбейді. Ұйым өкілдері осы арыздардың негізінде тарифтің қайта қаралуын талап етеміз деп отыр. Айтуларынша, жылу құнын шаршы метрге шағу халықты артық шығынға батырып жатыр. Ал жылуға жауапты компания сұхбат беруге құлықсыз.