Керегесі таумен көмкерілген, табиғаты көркем Кеген өңіріндегі Тұйық ауылында тұратын Жаннұр Қуатқызы 11-сыныпта оқиды. Ауылындағы орта мектепті бітірген соң, жүрек түкпірінде жүрген арман-мақсаттарына қанат қақпақ.
Асқақ арманы қияларға алып ұшатын Жаннұрды ауылдастары «ұлға бергісіз қыз» деп кеткен. Кішкентай кезінен малсақ болып өскен бойжеткенге үйдің тіршілігінен гөрі жазда мал жайып, қыста қора-жайдың шаруасын тындырып тастау тез. Тау қызының атқа әуестігі ерте жастан қалыптасқан. Жануардың жалын тарап, маңдайын сипап, ерекше сезімге бөленетін Жаннұр аттың құлағында ойнайды.
«Қызым – отбасындағы төрт баланың екіншісі. Бауырларына қамқор, қимылы ширақ, өзі өжет болып өсті. Ұлдармен тез тіл табысады. Олармен асық ойнап кететін кездері болды. Табиғат аясына шыққанды, атқа мінгенді өте жақсы көреді. Қазір мектеп бітіретіндіктен, күн-түн демей ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Шаршаған сәттерде атқа мініп, бір айналып келсе, сергіп, қуанып қалады», дейді анасы, тарих пәнінің мұғалімі Фарида Үмбетжанова.
Балалардың үлкені Назым Қуатқызы Тұйық ауылындағы орта мектепті «Алтын белгімен», әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің шығыстану факультетін қызыл дипломмен бітірген. Қазір магистратурада білімін шыңдап жатыр. Жаннұр болса химия, биология пәндерін таңдап, алдағы сынаққа қызу дайындық жасап жүр. Келешекте ана жолын қуып, ұстаз болуды қалайды. Өзінен кейінгі Ақнұр мен інісі Нұржанды да жақсы оқуға баулып, қамқорлық танытып отырады.
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?»,
деген жыр жолдары Жаннұрдай жаны ізгі, жанарына мейірім тұнған, ерік-жігері асқақ аруларға арналса керек.
Алматы облысы,
Кеген ауданы