Алматы облысы мен Алматының кей бөліктері жарықсыз отыр

Жаңалықтар

2025 жылғы 19 маусымда Алматы қаласы мен Алматы облысында электр қуаты уақытша шектелді. Бұл жағдайдың себебі туралы Zakon.kz-ке “Алатау Жарық Компаниясы” АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Белгілі болғандай, 19 маусым күні сағат 16:45-те Алматы энергия торабы аумағында апатқа қарсы автоматика жүйесі іске қосылған:

  • Жүктемені автоматты түрде ажырату жүйесі,
  • Жиілік бойынша автоматты түрде тұтынушыларды ажырату (бұл – бүкіл аймақты жарықсыз қалдырмау үшін кейбір тұтынушыларды уақытша ажыратып тастайтын механизм).

Нақты себебі – 500 киловольт (кВ) кернеулі электр жеткізу желілерінің апаттық өшуі. Бұл желілер KEGOC АҚ – Қазақстанның ұлттық электр желісі операторының басқаруында.

"Қазір мамандар апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр", — делінген "Алатау Жарық Компаниясы" хабарламасында.

Жүйелік оператордың (елдегі энергетика саласының бас диспетчері) шешімімен, жүйеге шамадан тыс жүктеме түсіп, жаңа ақаулар туындамауы үшін Алматы облысының келесі аудандарында уақытша электр шектеуі енгізілді:

  • Жамбыл,
  • Балқаш,
  • Есік,
  • Райымбек,
  • Шелек,
  • Кеген,
  • Қарасай аудандары.

Сондай-ақ Алматыда да уақытша шектеулер бар.

Шектеу көлемі – 240 мегаватт (МВт).

"Бұл уақытша шектеу аталған аймақтардағы кей тұтынушылардың біраз уақытқа жарықсыз қалуы мүмкін екенін білдіреді", – деді компания.

Хабарламаның соңында энергожүйедегі жиілік тұрақтанғаннан кейін және Алматы энергия торабы жалпы ұлттық желіге қайта қосылған соң, жарық біртіндеп қайта беріле бастайтыны айтылған.