Алайда , заң аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды.
Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына байланысты 15,1 мыңнан астам адамға амнистия жарияланады. Тиісті заңды Сенат мақұлдады.
Құжатта азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша сотталғандарды жазадан босату көзделген. Атап айтқанда, амнистияға мыналар ілігеді:
- қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар немесе жеңіл дәрежедегі қылмысқа барғандар;
- орташа ауырлықтағы, бірақ зиян келтірмеген, не келтірілген зиянды толық өтеген немесе азаматтық талап қойылмаған істер бойынша сотталғандар;
- әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар – зиян болғанына қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар.
Сонымен қатар, заң пробациялық бақылауда отырғандарды қоса алғанда, сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімінің қысқартылуын көздейді.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында құдыққа құлаған қыз бен оны құтқармақ болған ер адам көз жұмды
Алдын ала мәлімет бойынша, амнистия 15 100 адамды қамтиды, олардың ішінде:
- 4 100 адам – қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан толық босатылады;
- 11 000 адамға негізгі жаза мерзімі мен көлемі қысқартылады.
Алайда, заң аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Әрбір сотталғанға қатысты түпкілікті шешімді сот жеке тәртіппен қабылдайды.
Амнистия құжат күшіне енгеннен кейін алты ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс.
Заң қабылданғаннан кейін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров келесідей мәлімдеме жасады:
"Күтілетін нәтиже – сотталғандар санының азаюы, амнистияға ілікпеген және жазасын өтеуді жалғастырып жатқан адамдардың материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсарту, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жүктемесін азайту, санитарлық-гигиеналық талаптарды жетілдіру, халықаралық құқықтық стандарттарды, оның ішінде камералық түрдегі түрмелерге көшу тәжірибесін енгізу."
Оқи отырыңыз: Ақшасын толық төлеп, кірпішсіз қалған: Қызылордада тұрғындар зауыт иесіне шағымданды
Айта кетейік, бұл заң Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің бастамасымен әзірленген. Ол зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасаған әйел-сотталғандарға амнистия қолдануды ұсынған болатын.