Өңірімізде алғаш болып аудан басқарған Салтанат Әбеуова – саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған жан. Алаш арыстарының алтын бесігі Ақтоғай елінің тізгінін ұзақ жыл ұстаған әкім әйел бүгінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарып отыр.
Еңбек жолын мектепте бастаған С.Мірәсілқызында мемлекеттік қызметкер боламын деген ой болмаған. «Білікті мұғалім атанып, білімді шәкірттер тәрбиелесем» деген асқақ арманы оны 1980 жылы Алматы шет тілдер педагогикалық институтына оқуға түсіреді. Ізденіс үстінде жүрген жұдырықтай қыз қоғамдық жұмыстың да бел ортасынан табылады. Іскерлік дағдыны жоғары оқу орнында жүріп дамытқан оның бұл қасиеті өмірлік тәжірибесіне қажет еді. Оқуын үздік тәмамдаған соң, «неміс, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі» дипломымен Калинин атындағы сегіз жылдық мектепке жұмысқа қабылданады. Кейінде Ақтоғай аудандық орыс орта мектебінде, Қызыларай ауылдық мектебінде неміс тілінен сабақ береді. Сөйтіп, алты жыл тақта алдында тұрып, ауыл балаларының сауатын ашып, тіл үйретеді. Ұстаз бола жүріп, комсомол комитеті тапсырған қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен жасты аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындайды. Қызметте шыңдалған С.Мірәсілқызы секілді талапты кадр аудандық партия комитетіне де керек еді. Сөйтіп, оның партия комитетіндегі, аудан әкімдігіндегі қызметі сәтті басталды. Ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, халық депутаттары аудандық кеңесі аппаратының сауда, тұрмыстық қызмет көрсету саласының аға маманы сынды қызметтер мемлекеттік қызметтегі алғашқы баспалдағы болды.
Одан кейін аудан әкімдігінің аға референті, жалпы бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп, тәжірибесін одан әрі жетілдірді. Аудан әкімінің орынбасары қызметінде жүріп өңірдің әлеуметтік, экономикалық мәселесімен әбден таныс болды. Кейін Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқарма басшысының орынбасарлығына шақырылып, аймақтың рухани дамуына екі-үш жыл еңбек сіңірді.
Кейін Ақтоғай ауданына қайтадан әкім болып ауысады. Өңірдің әр мәселесін жетік білетін С.Мірәсілқызы жауапты қызметіне білек сыбана кіріседі. Сөйтіп, өңірде тұңғыш аудан басқарған әкім әйел ретінде мойнына үлкен жүк арқалайды. Басшылыққа келген күннен бастап ауылды сапалы ауызсумен қамту, интернет тарту, жол жөндеу секілді жұмысты жандандырады. Ауданның әлеуметтік мәселесін үнемі назарында ұстайды. Ескірген мәдениет ошақтары мен әкімдік ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізеді.
«Мен өткен мемлекеттік қызметтегі мектептің еңбек жолыма үлкен әсері бар. Алаш ардақтылары шыққан топырақта ел басқару ісі, әрине, оңайға соқпады. Сындарлы сәтте ел азаматтарының қолдауын терең сезіндім. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден», дейді Алаш арысы Әлихан. Осы бір ұлағатты сөз өмірлік қағидама айналды. Еңбегімізге ел баға бере жатар. Халықтан әділ сыншы жоқ», дейді С.Мірәсілқызының өзі.
Әкім әйел Алаштың рухани астанасына айналған асыл мекеннің мәдени дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Қажы атанған Мірәсіл әкесінің ақылымен «Ақсораң» мешітінің бой көтеруіне ықпалын тигізді. Ауданның торқалы тоқсан жылдығына орай «Ақтоғай ауданы» энциклопедиясының жарыққа шығуына мұрындық болды. Осы топырақтан шыққан Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арнап мемориалды кешен орнатылды. «Батырлар» саябағына Кеңес Одағының батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ескерткіші қойылды. Ән мен жырдың алтын бесігіне айналған Ақтоғайдың кіреберісіне «Домбыра» монументін салғызды. Міне, іскер әкім әйелдің соңынан осындай ізгілікті із қалды.
Салтанат Мірәсілқызы бүгінде облыстың тілдерді дамыту басқармасына жетекшілік етіп отыр. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – ұлтқа қызмет етудің ең бір озық үлгісі.
С.Әбеуованың мемлекеттік қызметтегі қырық жылдық еңбегі елеусіз емес. Түрлі мерекелік медальдар, Құрмет грамоталарымен қоса «Үздік мемлекеттік қызметші» атты мәртебелі марапаттың иесі. «Ең биік құрмет – елдің шынайы алғысы. Одан бағалы құрмет жоқ», дейді өзі.
Қарағанды облысы