Ұлттық банк қазақстандықтарға маңызды ақпаратпен жүгінді

Жаңалықтар

Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 19 маусымда алаяқтар жалған құжаттар мен реквизиттерді, сондай-ақ жалған мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды пайдаланып, алдауы мүмкін екенін айтып ҚР азаматтарын сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, алаяқтардың көздейтіні – азаматтардың жеке шотына, депозитіне, ақша аударымдарына қол жеткізу және атына онлайн несие немесе микрокредит рәсімдеу.

"Олар өзін Ұлттық Банктің, мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының, екінші деңгейлі банктердің, ұялы байланыс операторының немесе коммуналдық қызметтің қызметкеріміз деп таныстыруы мүмкін. Сондай-ақ, азаматтарға түрлі сылтаумен хабарласып, жалған құжаттар мен банкке ақша аударуға арналған реквизиттер жіберуі ықтимал",- делінген ақпаратта.

Ұлттық банк алаяқтардың сізге келген SMS-хабарламаны, растау кодын жіберуді, күмәнді сілтемелерге кіріп, түрлі қосымшаларды жүктеп алуды немесе мессенджердегі жаңа функцияларды іске қосуды сұрайтындығын да атап өтті. Оның бәрі – телефоныңыздағы барлық ақпаратқа толық қол жеткізу үшін жасалатын қулық екен.

"Сол себепті Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Кез келген қоңырау, хат, хабарлама немесе сұрау салған кезде оның рас-өтірігін міндетті түрде тексеріп алған жөн. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, өзіңіз білмейтін қосымшаларды телефонға жүктемеңіз және бейтаныс адамдардың шотына ақша аудармаңыз". Қазақстан Ұлттық Банкі

Есте сақтаңыз: Ұлттық Банк қызметкерлері жеке тұлғаларға ешқашан аудио және видеоқоңырау шалмайды, жеке шоттарын жүргізбейді, қандай да бір инвестициялық қорларға немесе қаржы өнімдеріне инвестиция салуға шақырмайды, қаражат көзін сақтандырмайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды.

"Егер алаяқтарға тап болсаңыз, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгініп, арыз жазуға кеңес береміз". Қазақстан Ұлттық Банкі

Қосымша кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласа аласыз.