Орталық Азияның еңбек мигранттары Қазақстанда 136 млрд теңге тауып, 1 трлн теңге өз елдеріне аударған

Жаңалықтар

Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов елге келетін еңбек мигранттарының табысы мен аударымдарына қатысты деректердегі алшақтыққа назар аударды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Көлеңкелі экономикаға қатысты Жоғарғы аудиторлық палатаның жүргізген аудиті бюджетке келтірілген жанама шығын көлемінің 74 млрд теңгеге жеткенін көрсетті. Мәселен, Орталық Азиядағы көрші үш елдің азаматтары соңғы үш жылда Қазақстанда ресми түрде 136 млрд теңге табыс тапқан. Алайда, Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, дәл осы кезеңде олар өз елдеріне 1 трлн теңгеге жуық қаржы аударған. Бұл көрсеткіштер – елде көлеңкелі өнім мен қызметтің бар екенін дәлелдейтін негізгі белгілердің бірі, – деді сенатор.

Оның айтуынша, мұндай тәуекелдерді азайту үшін көлеңкелі экономиканы бағалау тәсілдерін жетілдіріп, салықтық жеңілдіктердің тиімділігін бақылау әдістерін қайта қарау қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанға еңбек мигранттарын жіберетін негізгі елдер қатарында Қытай – 5 054 адам, Өзбекстан – 1 926 адам, Түркия – 1 079 адам және Үндістан – 1 078 адам тіркелген.