Әйел үшін кәсіп – тек табыс көзі емес, жүрек қалауымен үндескен іс. Дариға Исабаева – осының жарқын үлгісі. Ол Катонқарағайдың көркем табиғатында марал өсіріп, пантымен емдеуді дамытып, адамдарға шипа сыйлап келеді.
Пантының парқын білген жан
Марал шаруашылығын дәстүрлі кәсіп деп есептегенімізбен, оны жүргізу оңай емес. Бір шипажайдың жұмыс істеу мерзімі – жылына небәрі үш ай. Қалған тоғыз айда маралдарды күтіп-бағуға, қоршауларды жаңартуға, жемшөп дайындауға қомақты қаржы жұмсалады. Табыс негізгі маусымда ғана түсетіндіктен, кәсіпкер кейде өзге бизнес көздерінен алынған қаражатты осы салаға құюға мәжбүр. Сол қиындықтың бәріне темірдей төзімділік танытып жүрген Дариға «Марал шаруашылығы – туризм мен экономиканы тоғыстыратын сала» дейді.
– Егер тек қаржылық табыс көзін ойласақ, пантыны шетелге экспорттау әлдеқайда тиімді болар еді. Қытай мен Оңтүстік Корея нарығында марал мүйізіне сұраныс жоғары. Бірақ бұл кәсіптің негізінде туризм мен ауыл шаруашылығын ұштастыру идеясы тұрғандықтан, табыс көлемін ұлғайту – басты мақсат емес. Бір маусымда шипажай 50 адамға дейін қабылдайды. Бұл санды көбейтуге мүмкіндік болғанымен, қызмет сапасына нұқсан келмеуі үшін солай қалдырдық. Қызметкерлер негізінен маусымдық жұмыс істейді: марал шаруашылығында – 10 адам, зауытта – 13 адам тұрақты еңбек етеді. Туризм маусымы кезінде бұл көрсеткіш 30-дан асады. 2015 жылы жоба Шығыс Қазақстан облысының брендтер тізіміне енгізілді. Бүгінде ол аймақтың туристік әлеуетін дамытуға үлес қосып, тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын кәсіпорынға айналды, – дейді.
Дертке шипа, жанға дауа
Маралды кәсіпке айналдырған Дариға ата-анасының бастаған ісін заманға сай кеңейтіп, туристерді көбірек тарту мақсатында нақты жоспар құрған. 2010 жылы Өскеменде «Шығыс тур» туристік компаниясын ашып, шипажай жарнамасын қолға алған. Демалушылар саны күн санап артып, кейде тіпті оларға орын табу қиынға соқты. Сұранысқа сай марал шаруашылығы жанынан жаңа ағаш үйлер тұрғызылды. 2013 жылы панты өндіру зауыты іске қосылды. Қазір панты мен дәрілік шөптерден 16 түрлі өнім өндіріледі.
– «Баян» деп аталатын шипажайымыз Алтай тауының баурайында орналасқан. Емдеу курсы 5 немесе 7 күнге созылады, әр кезеңде жаңа демалушылар келіп-кетіп отырады. Бұл тек кәсіп емес, демографиялық өсімге де әсер ететін игі іс. Бірінші жылдан бастап-ақ адамдар бедеуліктен емделіп, сәбилі бола бастады, жол апатынан кейін жүре алмай қалғандар қайта аяққа тұрды. Адамдар сырқатынан сауығып шықты. Осылайша, пантымен емдеу мен марал шаруашылығы тұтас бір өңірдің жаңа мүмкіндіктерін аша алатынын түсіндім, – деп сөзін жалғастырды ол.
База астынан шыққан бұлақ
Таулы аймақта инфрақұрылымдық қиындықтар аз емес. Алғашқы жылдары мұнда да электр жарығы мен ауызсу тапшылығы құрылысқа елеулі кедергі келтіріпті. Жалғыз су көзі маралдар сусындап жүрген тау өзені еді. Бірақ бұл жағдай кәсіпті дамытуға деген сенімді әлсірете алмаған. Екі жыл бойы бұлақтың суын көлікпен тасып, бөшкелерге құйған. Жүйелі еңбек пен табандылықтың арқасында 2013 жылы дәл базаның астынан бұлақ атқылап шыққан деседі. Инфрақұрылым, маралдарды қыста азықтандыру, жемшөп қорын дайындау, вакциналау – мұның бәрі туризмді дамыту жолында еңсерілген қиындықтың бір парасы ғана. Бірақ басты мақсат – туристер үшін барынша жайлы жағдай жасау болған. Осы жолда өз қаражатын инвестициялаудан да тартынбаған.
– Бүгінде аймақтағы туристік инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды. Келушілер жыл санап көбеюде. Үлкен тәуекел қашан да бар. Егер маралдарды дұрыс бағып-күтпесек немесе қоршауларды уақтылы жаңартпасақ, олар қашып кетуі немесе қырылып қалуы мүмкін. Алайда біз ауылда өмір сүріп жатқандықтан, мұнда бәрі бір-бірін жақсы таниды, сол себепті қиындық аса қатты сезілген жоқ, – дейді марал бағушы.
Алтайға асығатын жапон ақсақалы
Айтпақшы, Алтай маралдарының қадірін бізден гөрі жақсы бағалайтын шетелдіктер де көп екен. Мысалы, кейінгі 16 жыл бойы Жапониядан үзбей келіп тұратын турист ақсақал бар. Әр келген сайын Алтайды, осындағы қазақтарды, маралды сағындым дейді екен. Германия, Ресей, Швейцария, Израиль, Қытайдан жыл сайын тұрақты туристер келеді. Олармен ілесе келетін жаңа туристер қаншама.
– Қазір мұнда тек емделу үшін емес, демалу үшін келетін халықтың саны көп. Сондықтан шипажай қызмет түрлерін мүмкіндігінше көбейтіп жатыр. Панты ваннасында емдеудің жолын жақсы игердік. Оған 15 күн бойы түседі. Әр жолы 15 минут отырады. Бұдан бөлек, фито бөшкеге салу, панты бөшкемен булау, панты ингаляциясы, панты сорпасына орау, панты-бар, фито-бар арқылы емдеу, панты маскасы арқылы бет-әлпетті әрлеу, аяқ ваннасында буын-буыны ауырған жандарды терлету, желқұзынан айықтыру, панты майы арқылы массаж жасау – бәрі өзіндік қағидасы бар емдеу тәсілдері. Ет пен қымыз, сары май, бал қосылған тағам түрлері, дәрілік шөптерден дайындалған табиғи емдік дәрумендердің түр-түрі бар, – дейді кәсіпкер.