Танымал тай актёрі әрі әншісі Джеймс Руангсак Лойчусак Үндістанда ұшақ апатынан аман қалған жалғыз жолаушының оқиғасын естіп, таңданысын жасырмады. Себебі ол да осыдан 27 жыл бұрын апат болған ұшақта 11А деген орында отырған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ғажайып сәйкестік туралы әнші Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Үндістандағы ұшақ апатынан аман қалған адам да мен отырған 11 А орнында отырған екен. Денем тітіркеніп кетті", — дейді ол.
Айта кетейік, Руангсак Лойчусак 1998 жылғы 11 желтоқсанда Таиландта болған ұшақ апатынан аман қалған.
Ол мінген Thai Airways International әуекомпаниясының Airbus A310-204 ұшағы Бангкоктан Сураттханиға бағыт алған еді. Алайда әуе кемесі Сураттхани қаласының маңында апатқа ұшырап, салдарынан 101 адам қаза тапты.
Бұл әуе апаты– Таиланд азаматтық авиция тарихындағы екінші ірі апат саналады.
Ал осы ұшақ апатынан аман қалған Руангсак Лойчусакты БАҚ өкілдері "Темір сүйектен жаралған әнші", "Темір сүйікті Джеймс" деп атап кеткен.