БАӘ-де қалған 300 қазақстандық елге ұша алмай отыр: Сыртқы істер министрлігінің өкілі пікір білдірді

Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына байланысты БАӘ-де қалған қазақстандықтар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қазіргі таңда кейбір әуе компаниялары БАӘ-ден Қазақстанға рейстерін тоқтатуына байланысты Қазақстан Республикасының 300-ге жуық азаматының ұшып кетуінде уақытша қиындық туып отыр.Олардың көпшілігі туристер.

Оқиға орнында дипломаттарымыз жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта әуе компанияларымен жасалған келісімнің арқасында азаматтардың жартысынан көбі елгее оралады деп күтіліп отыр", — деді Айбек Смадияров.

Ол 14 маусымда Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің үндеуі жарияланғанын, онда Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігінде және оған жақын жерде ұшуға тыйым салынғаны туралы ескерту жарияланғанын еске салды.

"Үндеуде туристерге жағдайды жіті қадағалап, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне сапарды жоспарлау кезінде ықтимал тәуекелдерді ескеру ұсынылады. Ескертуге қарамастан, соңғы екі күн ішінде Қазақстаннан БАӘ-ге ұшатын ұшақтар жолаушыларға толы болып, ұшып кетті.

Таяу Шығыс елдеріне саяхаттау кезінде барлық тәуекелді мұқият өлшеп, негізделген шешім қабылдауды сұраймыз. Қажет болған жағдайда қазақстандық туристердің елге оралуы "Туристик қамкор" қорымен және әуе компанияларымен бірлесіп қамтамасыз етіледі", — деп сендірді ол.