Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери шиеленіске байланысты мәлімдеме жасады

Жаңалықтар

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттеуді құптайды. СІМ ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты өз алаңдаушылығын білдіреді және қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттеуді құптайды.

Қатысушы тараптарды барынша ұстамды болуға шақырамыз", - делінген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Израиль әскері Иранға соққы жасады.

Иранның ядролық бағдарламасының ең маңызды нысаны орналасқан Натанз қаласына жасалған шабуылдан кейін елде бірнеше жарылыс дыбысы естілді.

Бүған қатысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік басшысы түсінік беріп, Иранның ядролық нысанына соққы жасалғанын растады.

Ал Израильде төтенше жағдай жарияланды. Елдің қорғаныс министрі Кац жақын арада жауап ретінде Израиль мен оның бейбіт тұрғындарына соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті.

Кейін ЦАХАЛ бригада генералы Эффи Дефрин Иран соңғы бірнеше сағат ішінде Израильге 100-ден астам ұшқышсыз ұшатын аппарат ұшырғанын айтты. Израиль қорғаныс күштері қазір оларды атып түсіру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты сол елде жүрген отандастарымызға үндеу жасады.