Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жасалатын рақымшылыққа кім ілігетінін түсіндірді , деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бүгінгі мәжіліс отырысында Абзал Құспан парламенттің бір топ депутаты әзірлеген "ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын таныстырды.
Оның айтуынша, заң жобасында азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:
- қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,
- зиян келтіруге әкеп соқпаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған, не оны толық өтеген адамдарды,
- залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату көзделген.
- сондай-ақ қылмыстық істерді, оның ішінде осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар жасаған қылмыстар туралы соттар қарамаған істерді тоқтату ескерілген.
- сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр.
Бұдан бөлек:
- сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алғаны немесе ысырап еткені, немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады.
Ал қылмысқа қарсы күресті күшейту шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға шектеу қою ұсынылған.
Айта кетейік, бұған дейін қанша адамға рақымшылық жасалатынын жазған едік.