Қызылорда облысындағы 18 ауылда ішімдік сатылмайды

Жаңалықтар

Алкогольден бас тартқан елді мекендерде қылмыс та сап тиылған. Соның бірі Өзгент. Бұл ауылдық округте ішімдік саудаланбағалы 10 жылға жуықтапты.

Зияда Ядыгарованың дүкен ашқанына 20 жыл болған. Соңғы 10 жыл көлемінде ауыл ақсақалдарының ұсынысы бойынша алкогольдік ішімдік сатуды тоқтатқан. «Бұл бастамадан кейін табысым азайып қалған жоқ. Керісінше, кәсібім өрге басып, шағын дүкенім кеңейді»,-дейді ол.

Зияда Ядыгарова, кәсіпкер:

- Біздің ауылдың балалары да қазір бет бұрған. Ешқандай ішімдік ішпейді ауылда. Бұзақылық көп еді, қазір жоқ. Тынышпыз, ауыл негізі жақсы. Ынтымақты, ұйымшыл ауыл.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Өзгент ауылының негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығы. Сондықтан мұндағы дүкендерде арақ-шарап емес, мынадай ағарған көбірек сатылады. Жалпы алкагольдік ішімдік сатуды мұндағы дүкендердің барлығы осыдан 10 жыл бұрын тоқтатқан. Содан бері бұл елді мекен аудандағы ең үздік ауылдардың қатарына еніп отыр.

1800-ден астам тұрғыны бар ауылдың көшелері түгел асфальттанған. Екі жыл бұрын жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген. Спорттық ойын алаңдары да жеткілікті.

Молдахмет Раманқұлов, Өзгент ауылының тұрғыны:

- Қазір жастар ішінде әртүрлі үйірмелерге кіріп, жақсы болды осы қазір. Қазір күрестен әлем чемпионы болып шығып жатыр, күреске бейімделіп жатыр. Волейбол бар.

Сүйіндік Асылбаев, учаскелік полиция инспекторы:

- Ауылдық округтен соңғы 5 жыл көлемінде қылмыс оқиғалары тіркелмеген. Мал ұрлығы және басқа да бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша қылмыс оқиғалары тіркелмеген.

Облыстық прокуратураның мәліметі бойынша, 49 ауылдық округте соңғы екі жыл бойы қылмыс тіркелмеген. Ал 18 елді мекендегі дүкендер алкогольдік сусын сатудан біржола бас тартқан.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин