Астанада 20 жастағы жігіт зейнеткердің ақшасын өзіне аударып алған

Жаңалықтар

Астананың Сарыарқа ауданы полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 20 жастағы жігітті анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тергеу барысында жас жігіт жолдан өтіп бара жатып, зейнеткердің етікші дүкеніне кіріп, жәбірленушімен танысқаны белгілі болды. Осылайша, жігіт оның сеніміне кіріп, "Шұғыл қоңырау шалуым керек", "Телефонымның қуаты таусылып қалды" деген сылтаумен одан ұялы телефонын бере тұруды өтінген. Жігіт біреумен сөйлесіп тұрғандай кейіп танытып, Kaspi қосымшасындағы ақшасын өзіне аударып алған.

60 жастағы зейнеткердің телефонындағы қосымшаларды бұғаттауды білмегенін пайдаланып, 100 мың теңгесін алаяқтықпен алған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жігіт мойындау көрсетпелерін берді. Оның Астана аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Астана полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертті.