2025 жылғы 11 маусымда Мәжіліс мінберінде Денсаулық сақтау вице-министрі Нұрлан Ержанов автобус апатынан зардап шеккен қыздың аяқтарын сақтап қалуға болар ма еді деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары, егер қыз шұғыл түрде шетелге жеткізілсе, аяқтарын сақтап қалуға болар еді деген пікір білдіруде.
"Баланың аяқ-қолдарын сақтап қалу мүмкіндігіне күмән келтірген адамдарға айтарым: бұл жағдайда жұмсақ тіндердің жаншылуы болған, сондықтан төменгі аяқтарын аман алып қалу мүмкін болмады. Ал бұл "диван сыншылары" менің әріптестерімнің, хирургтардың дұрыс емдеу тактикасын таңдағанына күмән келтіреді. Ол жерде баланың өмірін сақтау мәселесі тұрды. Дәрігерлер өз жұмысын өте жақсы атқарды. Қазіргі таңда баланың тірі қалуы – медицина қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі", – деді Нұрлан Ержанов.
Оның айтуынша, қыз бала ауруханаға өте ауыр жағдайда, травматикалық шокпен жеткізілген.
"Біз баланың үлкен қан жоғалтқанын анықтадық. Сондықтан менің әріптестерім жақсы жұмыс атқарды. Қазіргі уақытта баланың өміріне және денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қыздың жағдайы тұрақты. Ол аурухананың бөлімшесінде жатыр. Онымен біздің психологтар жұмыс істеп жатыр", – деп түйіндеді Денсаулық сақтау вице-министрі.
Астанада 2025 жылғы 2 маусымда кешкі уақытта ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жолаушылармен бірге бағыт бойынша келе жатып, маневр жасау кезінде тізгінге ие бола алмай, ақпараттық тақтаның тірегіне соғылған. Оқиға салдарынан 10 адам зардап шекті, полиция қылмыстық іс қозғады. 3 маусымда бір науқастың аяғы кесілгені белгілі болды.