31 наурыздан бастап KASE басқарма төрағасы Алина Алдамбергеннің өкілеті өз бастамасымен мерзімінен бұрын тоқтатылады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстан қор биржасы (KASE) директорлар кеңесінің шешімімен 2025 жылғы 31 наурызынан бастап Алина Алдамбергеннің KASE Басқарма төрағасы ретіндегі өкілеті оның бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылды, делінген биржаның ресми мәлімдемесінде.
Алина Алдамберген 2016 жылғы 9 ақпаннан бастап KASE-ні басқарды.
"Осы тағайындауға дейін Алина Алдамбергеннің қаржы нарығында, оның ішінде реттеуші органдарда және KASE директорлар кеңесінде үлкен жұмыс тәжірибесі болды. Алина Алдамбергеннің басшылығымен KASE жаңа ақпараттық жүйелерді, жаңа құралдарды және жаңа бизнесті енгізе отырып, түбегейлі жаңа даму деңгейіне көтерілді. Атап айтқанда, жаңа сауда-саттық жүйелеріне көшу жүзеге асырылды, KASE-де еліміздің қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO-лар өткізілді. KASE нарықтарындағы биржалық айналым төрт еседен астам өсті. Алина Алдамбергеннің басшылығымен жасалған нарық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам алдымен KASE аясында клирингілік қызмет пен орталық контрагент қызметін енгізу, содан кейін осы қызметпен айналысатын жеке ұйымды бөліп шығару болды. Алина Алдамберген – қор нарығының ең беделді сарапшыларының бірі. Қаржы нарығын дамытудағы елеулі еңбегі үшін "Құрмет" орденімен марапатталған. KASE Директорлар кеңесі, Басқармасы және қызметкерлері Алина Алдамбергенге қаржы нарығын және KASE қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтады", — делінген хабарламада.