Қазақстан азаматы жалған ақша жасағаны үшін Грузиядан экстрадицияланды

Жаңалықтар

Қазақстан азаматы жалған ақша жасағаны үшін Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің көмегімен Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізе отырып, жалған банкноттарды сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады.

Ол 2024 жылы Түркия Республикасынан жалған банкноттарды әкеліп, Қазақстан аумағында өткізгендеген күдікке ілінген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Осы жылдың мамырында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура ұқсас қылмысты жасағаны үшін Швециядан Қазақстан азаматшасын экстрадициялап, қазіргі таңда ол сотталды.