Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы тағайындалды

Жаңалықтар

Президенті Әкімшілігінің келісімімен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметіне Ерлан Исабеков тағайындалды.

Ерлан Шойұлы Исабеков Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, "Болашақ" бағдарламасымен Джорджтаун университетін (АҚШ) бітірген. Қолданбалы математика және экономика мамандықтары бойынша магистр дәрежесі бар.

Еңбек жолын Алматы қаласындағы № 131 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.

2000-2002 жылдары Мемлекеттік кірістер министрлігінде қызмет атқарды. 2002-2008 жылдары — Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде жұмыс істеді.

2008-2009 жылдары Премьер-Министрдің кенсесінде қызмет атқарды.

2009-2015 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде басшылық лауазымдарда қызмет етті.

2015-2018 жылдары Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.

2018-2023 жылдары Ақмола облысы Егіндікөл ауданының және Жетісу облысы Қаратал ауданының әкімі болды.

Осы тағайындауға дейін Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеген.