8 наурыз мерекесі қарсаңында Алматы көшелерінде 10 балдық кептеліс тіркелді

Жаңалықтар

Алматы жолдарының картасы түстен бері қызыл түске боялды: қалада 10 балдық кептеліс тіркелді, бұл ауа райының қолайсыздығынан және 8 наурыз мерекесі қарсаңындағы қарбаласқа байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

2 ГИС жол сілтеушісінің онлайн-картасына сүйенсек, көшелердегі жағдай көңіл көншітерлік емес.

Сағат 15:37-дегі жағдай бойынша қала көшелерінің басым бөлігінде көлік қозғалысы тоқтап тұр.

"Қазір қар жауады... Дайын болыңыздар...", "Ертең не болады, хаос?", "7 наурыз. Біреуіңіз 9 наурызға топ ете қалатындай монтаж жасап жіберіңіздерші...", "Мен жаяу жүре берейін" деп жазады кептелісте тұрған алматылықтар мен қала қонақтары.

Басқалары осы сәтті пайдаланып, әйелдер қауымына келе жатқан мереке құтты болсын деп жазды.

"Барлық әйел қауымның мерекесі құтты болсын, біз сіздерді жақсы көреміз", "Мерекелеріңізбен, сұлу ханымдар! Құшақ-құшақ гүл, жақсы көңіл-күй тілеймін!", — деп пікір қалдырған жол картасын пайдаланушылар.