"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрағасы орынбасарының қылмысы әшкереленгені белгілі болды. Бұл туралы 2025 жылы 5 маусымда Антикор мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің баспасөз қызметі 2025 жылдың маусым айында орталық органның және оның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен сыбайлас жемқорлық схемасы ашылғанын нақтылайды.
"Осылайша, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрағасы орынбасарының қылмысы әшкереленді. Ол денсаулық сақтау субъектісіне халыққа медициналық қызмет көрсету үшін бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деп күдікке ілінді. Ақша жымқыру медициналық ұйымның Damumed ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілген қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен жасалды. Іс жүзінде медициналық қызметтер көрсетілмеді, 30 мыңнан астам жалған "тіркеулер" анықталды". Антикор
Сонымен қатар, ол жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, аталған қордың жымқырған қаражатын, оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырды деп күдікке ілінеді.
"Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда, шенеунік пен басқа адамдардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатысы тексеріледі", делінген хабарламада.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайтыны да ескертіледі.
Антикор мәліметінше, соңғы үш жылда бұл салада 134 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, олар бойынша 57 адам сотталған.