UFC-дің бұрынғы чемпионы: Қазақстаннан бір жылға жететін ақша тауып қайттым

Жаңалықтар

28 мамырда UFC-дің бұрынғы чемпионы Генри Сехудо Қазақстанда грэпплингтен жекпе-жек өткізді. Ол отандық файтер Қайрат Ахметовпен кездесіп, жеңіске жетті. Ол бұл жекпе-жек үшін қомақты сыйақы алған, деп хабарлайды 1bol.kz.

Сехудо мен Ахметов арасындағы айқас туралы жаңалық жанкүйерлердің көпшілігі үшін тосынсый болғаны рас. Тіпті жекпе-жек өткізу Сехудоның өз жоспарына да кірмеген екен. Ол Қазақстанға қонақ ретінде ғана келіп, іс-шараға қатыспақ болған. Алайда Alash Pride аренасында өнер көрсетуге ұсынылған қомақты сыйақы оның ойын өзгерткен.

Бұл туралы Сехудо YouTube-тегі Pound 4 Pound подкастында айтып берді.

"Нақты соманы айта алмаймын, бірақ бір жыл өмір сүруге жететін табыс тауып келдім", — деді Сехудо.

Айта кетейік, Қайрат Ахметов — UFC-ге жолдама алуға тырысып жүрген отандық спортшылардың бірі. Ал Сехудо — UFC тарихында екі салмақ дәрежесінде чемпион атанған санаулы файтерлердің қатарынан.