Чехиядан Қазақстанға керқұландардың жаңа тобы әкелінді

Жаңалықтар

2025 жылы 3 маусымда Қазақстанға жаңа керқұландар тобы әкелінді. Бұл — "Жабайы жылқылардың оралуы " жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.

Керқұландар тобы Прага зообағы мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 2 маусым күні төрт жылқыдан тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен шыққан. Жануарлар бір тәулікте Қазақстан жеріне ұшып жетті. 3 маусым күні таң ата екі ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонды. Жануарлар "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады да, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.

"Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару — біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі — керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, "Алтын Дала" мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын", — дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

Прага зообағының директоры да халықаралық серіктестікті бұдан әрі жалғастыратынын айтты.

"Осымен Прага зообағы Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдап отыр. Еуропалық зообақтар мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз", — дейді Прага зообағының директоры Мирослав Бобек.

Айта кетейік, керқұлан (кертағы) — әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан құрып кетті.