Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 2025 жылғы 28 мамырдағы бұйрықпен зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу кезінде негіздеуші құжаттармен расталған тікелей және жанама (әкімшілік) шығыстар (орындаушының штат кестесі, есептеулер, шарттардың көшірмелері, кемінде 3 (үш) баға ұсынысы) ескеріледі.
Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнына ықтимал шығындарға арналған резервтерді қалыптастыру жөніндегі шығыстар, өткен кезеңдердегі өзге де борыштар мен залалдарды жабу жөніндегі шығыстар, ақпараттық ілгерілету жөніндегі шығыстар (жарнама), демеушілік көмек, айыппұлдар, өсімпұлдар мен тұрақсыздық айыбы, сондай-ақ сыйлықақы төлемдеріне, мастер-класстар өткізуге және өкілдік шығыстарға арналған шығыстар енгізілмейді.
Тікелей шығыстарға мыналар жатады:
- қызмет көрсетуге тікелей қатысатын ұйымдар персоналының жалақысы;
- салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
- қосылған құн салығы;
- міндетті сақтандыру түрлері;
- зерттеулерді, консалтингтік қызметтерді жүзеге асыратын ұйымдар персоналының іссапар шығыстары (ел ішінде және (немесе) елден тыс жерлерге қызметтік сапарлар);
- сыртқы сарапшыларды тарту;
- материалдарды сатып алу (шығыс материалдары, кеңсе тауарлары);
- көлік қызметтері;
- полиграфиялық шығыстар (бланкілік өнімдерді: сауалнамаларды, маршруттық парақтарды, карточкаларды, зерттеу есептерін, тест тапсырмаларын тираждау, құжаттарды түптеу, тігу және өңдеу);
- үй-жайды жалға алуға арналған шығыстар;
- курьерлік көрсетілетін қызметтер (материалдарды жіберу);
- банктің көрсетілетін қызметтері;
- ақпараттық-коммуникациялық қызметтер, оның ішінде байланыс қызметтері;
- аударма қызметтері.
Жанама (әкімшілік) шығыстарға мыналар жатады:
- әкімшілік қызметкерлердің жалақысы;
- салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
- қосылған құн салығы;
- байланыс қызметтері;
- үй-жайды жалға алуға арналған шығыстар;
- міндетті сақтандыру түрлері.
Шығыстарды тиімді жоспарлауды қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік шығыстар зерттеулер мен консалтингтік қызметтер жүргізуге бөлінген тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды.
Бұйрық 2025 жылғы 13 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.