Денсаулық сақтау министрлігінің функциялары кеңейтілді

Жаңалықтар

Үкіметтің 2025 жылғы 25 сәуірдегі Қаулысымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеге өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі келесі салаларда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады:

  • азаматтардың денсаулығын сақтау;
  • медицина және фармацевтика ғылымы, білім және өнеркәсіп;
  • дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы және олардың айналымын бақылау;
  • медициналық қызмет көрсету (көмек)сапасын бақылау;
  • халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, техникалық регламенттерде және нормативтік құжаттарда белгіленген талаптардың сақталуын бақылау және қадағалау;
  • оны өткізу сатысындағы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі;
  • биологиялық қауіпсіздік.

Жаңа редакцияда Министрліктің келесі қызметі көрсетілген:

  • әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бюджет қаражатын жоспарлау және бөлу қағидаларын, бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың келісімі бойынша медициналық көмек көрсетуге арналған қаражат бойынша есептілікті ұсыну нысандары мен мерзімдерін әзірлеу және бекіту.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігінің жаңа функцияларымен толықтырылған ережелер:

  • Денсаулық сақтау саласындағы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
  • есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және ветеринария саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік препараттарды азаматтарға жіберу құқығы берілген лауазымдар мен ұйымдардың тізбесін айқындау;
  • ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын мемлекеттік органдардың ашық деректерінің бірыңғай тізбесіне сәйкес айқындалатын ресми статистикалық және өзге де ақпаратты ашық қолжетімділікте орналастыру арқылы қоғам мен мемлекетті Денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы объективті ақпаратпен қамтамасыз ету;
  • психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылғаннан кейін психоактивті заттарды қолдануға байланысты мәжбүрлеп емделуге ұшыраған адамдарды, Соттың қаулысы бойынша мерзімінен бұрын сауығып кеткендерден басқа, қолдаушы емдеуден өту тәртібін айқындау;
  • бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша зерттеулер, консалтингтік қызметтер құнының тәртібін айқындау;
  • бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша мемлекеттік тапсырма құнының тәртібін айқындау;
  • заңды тұлғаларға трансферттер бөлу, бюджет қаражатын пайдалану туралы есептілікті, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісім бойынша бюджет қаражатын пайдаланудың барысы мен нәтижелері туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды жасау арқылы бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шығыстарды жоспарлау тәртібін әзірлеу және бекіту;
  • нысаналы жарнаны пайдалану туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның келісімі бойынша нысаналы жарнаны пайдаланудың барысы мен нәтижелері туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды айқындау.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.