Осының салдарынан олар мемлекеттік әлеуметтік көмек пен жеңілдіктерге қол жеткізе алмай келеді.
Қызылорда қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында баспана алған көпбалалы аналар үйлерінің құжаты әлі күнге дейін рәсімделмегеніне наразы. Тұрғындар бұл мәселені шенеуніктердің әдейі созып отырған әрекеті деп бағалайды. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Кезек арқылы көпқабатты үйден пәтер алған 50 отбасы әлі күнге дейін сол баспаналарда ресми тіркеуге тұра алмай отыр. Салдарынан олар мемлекеттік әлеуметтік көмек пен жеңілдіктерге қол жеткізе алмай келеді.
"Барлығымыз көпбалалы аналармыз. Ешқайсымыз тіркеуге тұра алмай жүрміз. АСП мен ыстық тамаққа құжат өткізу үшін жүгірсек те, базада жоқсыңдар деп қайтарады. Үйіміз әлі ‘ауада’ тұрғандай. Біз емес, үйіміз тіркелмеген", – деді қала тұрғыны Раушан Жұманова.
Оқи отырыңыз: Жұмыссыз және саудамен айналысатын жастар арасында үстел теннисінен турнир өтті
Тұрғындар бұл мәселені бірнеше рет жергілікті билікке жеткізгенімен, нақты шешім әлі қабылданбаған. Құжаттың болмауы салдарынан аналар пәтерден бір күнде қуылып қаламыз ба деп алаңдайды.
"Бұл үй жекеге өтпейді екен, Титов ықшам ауданына көшіреді деген сөздер естіп жатырмыз. Кейбір аналардың қан қысымы көтеріліп, уайымдап жүрміз. Тек бізге үйімізге тіркеуге тұру мүмкіндігін жасап берсе дейміз", – деді қала тұрғыны Әсия Ақпанбетова.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй жеке кәсіпкердің меншігіндегі жерге салынған. Бұл мәселе құжат рәсімдеуді кешіктірген.
"Бұл жер телімі кезінде ‘Орда сынап’ деген мекеменің атында болған. Қазір оны басқа жерге ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Қаржысы бөлінген. Жақын арада ‘Азаматтарға арналған үкімет’ мемлекеттік корпорациясына өткізіліп, екі апта ішінде құжаттары толық рәсімделеді деп жоспарлап отырмыз", – деді Қызылорда қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Дархан Бахтияров.
Алайда тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдің жеке тұлғаның жеріне салынғанына күмәнмен қарап отыр. Дегенмен, әкімдік мәселе жақын арада шешіледі деп сендірді.