Алматыда жол апаты болды, көлік жанармай құю бекетіне соғылды

Жаңалықтар

2025 жылғы 3 маусым күні таңертең Алатау ауданының шеткі аймағындағы Райымбек даңғылы бойында жол апаты орын алды. Оқиғадан сол маңдағы жанармай құю станциясына зақым келді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, Lexus RX350 және Mercedes-Benz E-Class маркалы екі көлік соқтығысқан.

Екі көлік те батыс бағытта қозғалып келе жатқан. Lexus көлігін бойжеткен тізгіндеген.

Ол ортаңғы жолақпен жүріп келе жатып, шет жақта орналасқан жанармай құю бекетіне бұрылмақ болған.

Онымен қатар оң жағынан Mercedes көлігі келе жатқан. Мұндай маневрді күтпеген Mercedes жүргізушісі соқтығысудан қашуға тырысқан, алайда Lexus жүргізушісі бұрылуын жалғастыра берген.

Нәтижесінде Mercedes жанармай құю бекетінің колонкасына соғылып, оны орнынан жұлып кетті. Көліктің өзі бекеттің тіреу бағанына соғылып, сонда тоқтаған.

Жанармай құю станциясының қызметкерлері өрттің алдын алу үшін көлікті ұнтақты өрт сөндіргішпен өңдеген.

Бекет басшысы қазіргі уақытта келтірілген шығынды есептеп жатыр. Зақымдану салдарынан АЖҚС уақытша жұмыс істемейді.

Жол апаты салдарынан екі адам – Mercedes жүргізушісі мен жолаушысы зардап шекті.

Олар түрлі жарақаттармен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Жүргізушінің бірнеше сүйегі сынған. Зардап шеккендердің таныстарының айтуынша, олар соққыдан кейін алдыңғы әйнекке ұшып кеткен.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жол-патрульдік полиция қызметкерлері жұмыс істеуде.