Қазақстанға еңбек мигранттары негізінен қай елдерден келеді

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 30 мамырда елімізде қанша шетел азаматы жұмыс істейтіндігі жайлы ақпарат таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Деректерге сүйенсек, 1 мамырдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 283 шетел азаматы еңбек етеді.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:

  • Қытай – 5 054 адам,
  • Өзбекстан – 1 926 адам,
  • Түркия – 1 079 адам,
  • Үндістан – 1 078 адам.

Ведомство шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар екенін атап өтті:

  • басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 567 рұқсат (бірінші санат),
  • құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 379 рұқсат (екінші санат).

Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 392 және 1 037 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 271 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 637 адам тартылды.

Министрлік қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 808 жұмыс беруші бар екенін айтты.

Оларда 352 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,1%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер:

  • құрылыс саласында – 5 027 адам,
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 271 адам,
  • тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 329 адам,
  • өңдеу өнеркәсібі – 1 252 адам.
"Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды",- делінген ақпаратта.

Бұған дейін Қазақстанда өндіруші салалардағы мүдделі тараптардың ұлттық кеңесі құрылғандығы хабарланған болатын.