Бүгінде Қазақстанда жасалатын қылмыстардың 34%-ы алаяқтық бағытында. Оның тең жартысы — интернет-алаяқтық.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.
— Бас прокуратура байланыс операторларымен бірлесіп, «Sim-Box» жабдығын анықтау әдістемесін әзірледі. Былтыр осындай 78 құрылғы және заңсыз пайдаланылған 50 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді. Ал, биыл шамамен тағы 30 мың нөмір анықталды, — деді Тимур Тәшімбаев.
Қазіргі таңда нарықта абоненттік нөмірлердің саны өте көп, кез келген адам оларды шектеусіз сатып ала алады, тіпті кейбір дүкендер тауар алған кезде тегін таратады. Сондықтан оларды бақылау оңайға соқпай тұр.
— Өкінішке қарай, бұл мәселе реттеуді қажет етеді. Қазіргі таңда бұл реттеу жүзеге асырылып келеді. Мәжілісте бір қолға берілетін SIM-карталар санын шектеу мәселесін қамтитын заң жобасы қарастырылып жатыр. Онда 10 немесе 5 SIM-карта сынды әртүрлі нұсқалар ұсынылды. Сонымен бірге, несие алу процесіне ұқсас түрде SIM-картаны тіркеу кезінде бейнетексеруді енгізу ұсынылды, — дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары.